Алматыда полиция дүкен маңында бойжеткенге шабуыл жасап, оны таспен қуған ер адамды іздестіріп жатыр, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Оқиға Әуезов ауданындағы Жетісу-4 шағынауданында болған. Жәбірленушінің айтуынша, мас күйдегі ер адам оны ұрып-соғуға әрекет жасап, кейін тас лақтырып, өлтіремін деп қорқытқан. Бойжеткенді кездейсоқ өтіп бара жатқан ер адам араша түсіп құтқарып қалған.
Жәбірленуші айналада адам көп болғанымен, өзге ешкімнің көмектесуге әрекет жасамағанын айтады.
Оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Кадрлардан күдіктінің түрін анық көруге болады.
Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша тергеу басталды. Қазір күдіктінің жүрген жері анықталып жатыр.