Қазақстан құрамасы Аичи-Нагояда өтіп жатқан Азия ойындарында дзюдодан аралас командалық бәсекеде күміс жүлдеге ие болды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Аралас командалық жарыстың финалында қазақстандық дзюдошылар Жапония құрамасымен татамиге шығып, 0:4 есебімен жеңіліп қалды. Нәтижесінде отандастарымыз жарысты екінші орынмен аяқтады.
Қазақстан намысын бұл бәсекеде Айдар Арапов, Ғұсман Қырғызбаев, Марат Байқамуров, Ажар Асхат, Аида Тойшыбекова және Меруерт Сәрсенова қорғады.
Сонымен қатар еркін күрестен Қазақстан қоржыны тағы бір медальмен толықты. 74 келіге дейінгі салмақта белдескен Нұрқожа Қайпанов қола жүлдеге қол жеткізді.
Қола медаль үшін болған кездесуде қазақстандық балуан Үндістан өкілі Сагар Джагланды 5:0 есебімен жеңді.
Осылайша, Нұрқожа Қайпанов Азия ойындарында Қазақстан құрамасының қоржынына тағы бір жүлде қосты.