Ақтаудағы қайғылы оқиғадан аман қалған үш адамның бірі Никитаның ағасы Александр Удалов отбасы атынан мәлімдеме жасап, ұлын қолдаған жандарға алғыс айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Александр Удаловтың айтуынша, қаза тапқан 14 жігіттің әрқайсысының артында ата-анасы, бауырлары, жақындары мен достары қалған.
«14 отбасы бүгін тіпті жауға тілеуге болмайтын қайғыны бастан өткеріп жатыр. Олардың әрқайсысының өмірі, жоспары және үйде күтіп отырған адамдары болды. Бұл ауыртпалықты жеңілдететін сөз табу мүмкін емес», – деді ол.
Оның айтуынша, қайғылы оқиға кезінде Никита өз өмірін өзі сақтап қалған. Ол жағдайды тез бағалап, жағалауға жетіп, аман қалған.
«Қазір көпшілік оның қалай аман қалғанын және нақты не болғанын сұрап жатыр. Бірақ әзірге Никита бұл туралы айтуға дайын емес. Оны түсіністікпен қабылдауды сұраймыз», – деді ағасы.
Александр Удалов інісінің қазір жариялылықтан бас тартып, сұхбат беруге және оқиғаның егжей-тегжейін айтуға дайын емес екенін атап өтті. Ол Никитаның басынан өткерген жағдайын сенсацияға айналдырмауды және тексерілмеген ақпарат таратпауды сұрады.
«Никита, ең алдымен, адам. Біздің бауырымыз, жақын адамымыз. Біз оның тірі болғанына ғана қуанамыз. Қазір ең бастысы – оның өзіне келуі», – деді Александр Удалов.
Ол сондай-ақ қаза тапқан 14 жігіттің жақындарына көңіл айтып, олардың есімі мен артында қалған отбасы қайғысы жалған ақпарат пен түрлі болжамдардың көлеңкесінде қалмауы керек екенін жеткізді.
Никитаның ағасы отбасыға қолдау білдіріп, хабарласып, уайымдап, дұға еткен және ұлынан хабар күтумен болған барша адамға алғыс айтты.