Қазақстандық «Sen Sulu» косметикалық бренді үндістандық актриса Авика Горды жарнамалық видеосына түсірді. Бұл жаңалық әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Ozgeris.info.
«Келін» телехикаясы арқылы қазақстандық көрерменге кеңінен танылған актрисаның отандық брендпен әріптестік орнатуы көпшілік үшін күтпеген жаңалық болды. Желі қолданушылары Авика Гордың жарнамалық роликке түскеніне таңғалып, қуанышын білдірді. Әсіресе, оны бала кезінен экраннан көріп өскен көрермендер жылы лебіздерін жаудырды.
«Мәссаған, өзіміздің Ананди ғой!», «Балалық шағым есіме түсті», «Күтпедік, керемет», «Үш ұйықтасам да түсіме кірмепті», «Әлемдік деңгей ғой», – деп жазды олар.
Айта кетейік, бұған дейін Sen Sulu ресейлік блогер Валя Карнавалды жарнамалық түсірілімге шақырғаны үшін сынға қалған еді. Бұл жолы брендтің үндістандық актрисамен жасаған коллаборациясы да желіде көпшіліктің назарын аударды.