Ресей аумағындағы ірі өндірістік нысандардың бірінде қайғылы жағдай орын алды. Череповец металлургиялық комбинатының (ЧерМК) өндірістік алаңында екі қазақстандық азаматтың мәйіті табылды деп хабарлайды Оzgeris.info сайты Tengrinews.kz сайтына сілтемемен.
Оқиға 14 қаңтар күні «Северсталь» компаниясына тиесілі Череповец металлургиялық комбинатының аумағында болған. Қаза тапқан азаматтар мердігер ұйымдардың қызметкерлері, Қазақстан Республикасының азаматтары екені белгілі болды.
Компания таратқан ресми хабарламада:
«14 қаңтар күні ЧерМК өндірістік алаңында мердігер ұйымдардың екі қызметкері, Қазақстан азаматтары, өмір белгілерінсіз табылды. Қазіргі уақытта олардың өлім себептері анықталу үстінде. Оқиға орнында арнайы қызметтер жұмыс істеуде. Қаза тапқан қызметкерлердің туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамыз», — делінген.
Сонымен қатар, Ресей Федерациясы Тергеу комитетінің Вологда облысы бойынша басқармасы аталған оқиғаға байланысты жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Қайғылы жағдайдың нақты себептері әзірге белгісіз, тергеу амалдары жүргізілуде.