Қоғам

Қиын-қыстау заманда жетімді бауырына басқан халық едік: Ата-аналарды өз балаларын сатуға не итермелейді?

Қиын-қыстау заманда жетімді бауырына басқан халық едік: Ата-аналарды өз балаларын сатуға не итермелейді?

Жақында қоғамды дүр сілкіндірген деректер шықты. Елімізде жаңа туылған сәбилердің саудасы өршіп тұр, тіпті сенім артқан перзентхананың өзінен балаларды ұрлау фактілері кездеседі. Осы ретте ата-аналарды өз балаларын сатуға не итермелейтінін анықтау маңызды. Осындай қылмыстық схемалардың артында кімдер тұр? Дәрігерлер ме, заңгерлер ме, әлде делдалдар ма? «Қара» нарықта сәбидің құны қанша? Ozgeris.info тілшісі жаға ұстатарлық шындықтың бетін ашуға тырысты. 

Жасырын нарықтың беті ашылды

ІІМ биылғы жылдың басынан бері жаңа туған сәбилерді сату фактілері бойынша 19 қылмыстық іс қозғалғанын жариялады. Бұл тек ресми дерек. Тергеу барысында қылмыстық топтардың құрамында дәрігерлердің, заңгерлердің, тіпті квазимемлекеттік ұйым өкілдерінің бар екені анықталды.

Сәби үшін белгіленген «баға» да жаға ұстатады. 500 мыңнан 15 миллион теңгеге дейін жетеді екен. Кейде қолын бұлғайтындар ата-аналардың өзі болып шығады. Қылмысқа итермейтін себептер көп. Біреулер жоқшылықтың қыспағынан шыққысы келсе, басқалары қоғамның қысымынан осындай әрекетке барады. Әсіресе жалғызбасты аналар туыстарынан ұялып, «әкесіз не некесіз бала» босанғанын жасырғысы келеді. 

Қоғамда балалы болғысы келетін тараптың барын ұмытпаған жөн. Осы жағдайды біліп отырған делдалдар осылайша қылмыстық жүйені құрған.

Сарапшылардың сөзіне сенсек, жарияланған 19 іс қылмыстың ауқымын толық көрсетпейді. 

«Бұл тек айсбергтің ұшы ғана. Барлықтарыңыз білесіздер, статистика тіркелген істердің бір бөлігін ғана көрсетеді. Нақты саны бұдан бірнеше есе көп», - дейді «Қорғау» дағдарыс орталығының басшысы Анна Рыль. 

Сот арқылы заңдастырылған қылмыс

Сәби сатудың схемасы қарапайым әрі қауіпті дейді Аружан Саин.

«Бір әйел босанады, бірақ құжат жүзінде баланы басқа әйел туған болып рәсімдейді. Кейде сот арқылы сатып алушы отбасының ер азаматы «биологиялық әке» ретінде жазылады. Сөйтіп, туған ана ресми түрде бас тартып, бала басқа отбасыға өтеді», - дейді ол. 

Сырттай қарағанда, барлығы заңды болып көрінеді. Шын мәнінде, бұл барып тұрған сауда. Кепілдік жоқ, ақша берілмеуі де, бала тапсырылмауы да мүмкін. Десе де, адамдарды мұндай қауіп тоқтатпайды, себебі әркімнің өз мүддесі бар, бірі ақша табуды, бірі бала сүюді қалайды.

Сұраныс бар жерде ұсыныс та бар демекші, қылмыстың өршіп тұрғаны осыған да байланысты. Қоғамда балаға зар қаншама отбасы бар, тіпті шетелдіктер де қазақстандық балаларға қызығушылық танытады. Салдарынан қылмыстық топтар табысты кәсіп жасап отыр.  

2022 жылы депутат Екатерина Смышляева жаңа туған сәбилерге ЖСН беру жүйесін перзентханадан енгізуді ұсынған еді. Бұл тақырыпты Аружан Саин да көтерген. Ол кезде қоғам белсендісінің сөзін билік естігендей болды. Алайда сол күйі ешқандай өзгеріс болмады. Осы ұсыныс дер кезінде қолға алынғанда, құжаттағы алаяқтықтарға жол берілмес еді. 

«Толық ақпаратты денсаулық сақтау министрлігі мен тиісті органдардан алу керек. Десе де, біз жүргізген жұмыстардың нәтижесінде елде дүниеге келген балалар мен ЖСН алғандар санының арасында жүздеген, тіпті мыңдаған айырмашылық бар екенін анықтадық», - дейді Аружан Саин. 

Сарапшылардың басқа ұсынысы бар. Егер ЖСН енгізгу қиын әрі қымбат болса, дәстүрлі әдіске жүгінуге болады дейді олар. 

«Мен жаңа туған нәрестенің саусақ ізін тіркеуді ұсынғанмын. Меніңше бұл оңай. Ақмола облысында болған жағдайды білетін шығарсыздар, қамқоршысы екі жыл бойы баланың өлімін жасырып келген. Ол екінші баламен жасырып келген, себебі екеуі ұқсайды. Ал саусақ ізі болса, осындай жағдайларға жол берілмейді», - дейді Анна Рыль. 

Сарапшылардың айтуынша, ЭКО бағдарламаларына квоталар тым аз, ал құны қымбат. 

«Бір рет жасалған ЭКО бірден нәтиже бермейді, көбіне бірнеше цикл қажет. Егер осындай бағдарламалар қолжетімді болса, заңсыз жолға баратындар азаяр еді. Суррогат ана институты да бар, бірақ толық реттелмеген», - дейді Аружан Саин. 

Қоғамның жан айқайы

Ел ішінде «мәселенің түп-төркіні  жоқшылықта жатыр» деген пікір басым. Шындығында, көпбалалы отбасыларға жәрдемақы мардымсыз, азық-түлік бағасы шарықтап кеткен, жұмыссыздық көбейген. 

Аға буынның пікірі қазақтың салт-дәстүрімен байланысты. 

 «Қазақ ешқашан баласын сатпаған. Қайта қиын-қыстау заманда жетімді бауырына басқан», - деп жазуда. 

Кейбіреулер шетелдің тәжірибесін мысалға алып, сабақ алуға болатынын жазуда. Мысалы, шетелде арнайы агенттіктер арқылы бала асырап алу заңды, ашық жүреді. Бірақ Қазақстан үшін баланың өз тілі, мәдениеті, діні мен тегінен ажырамауы маңызды. Сондықтан жай ғана «азаматтығы бар-жоғына» емес, ең алдымен баланың болашағына қарау керек.

Кейбіреулер Ауғанстандағы жағдай ды айтып, болашақ үшін алаңдайтындарын жеткізуде. Ол елде  ата-аналар аштықтың кесірінен балаларын сатуға мәжбүр. 

«Қазақстан сол жолға түспесін. Біз әрбір сәбидің тағдыры үшін күресуіміз керек», - дейді жұрт.

Ата-ана үшін туған баласын сату оңай емес екенін ескерген жөн. Тек қылмыс деп қарастыру бұл жерде орынсыз, бұл  қоғамдағы әлеуметтік дағдарыстың айқын көрінісі. Жоқшылық, жұмыссыздық, қолдаудың жеткіліксіздігі, заңдағы олқылықтар мен қымбат медициналық қызметтер қылмыстық жолға итермелеп отыр. 

Еліміз баланың мүддесін бәрінен жоғары қоя білуі керек. Себебі әрбір сәби — ұлттың болашағы. Балалары саудаға түскен қоғамның ертеңі де саудаға түсуі мүмкін. 

Барлық жаңалық