Синоптиктер 18 қаңтарға арналған ауа райы болжамын жариялап, Қазақстан аумағының басым бөлігінде антициклонның ықпалы күшейетінін ескертті. Бұл туралы Оzgeris.info хабарлайды.
Антициклон әсерінен елдің көп өңірінде нағыз қысқы суық орнайды. Мамандардың мәліметінше, шығыс пен солтүстік аймақтарда өте қатты аяз тіркелсе, батыс пен оңтүстікте жауын-шашын мен боран күшейеді.
Ең суық ауа райы шығыс және солтүстік өңірлерде күтіледі. Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында түнгі температура -45°C-қа дейін төмендеуі мүмкін. Мұндай қатты аяз кезінде үсік қаупі артып, ашық ауада ұзақ жүру өмірге қауіпті.
Павлодар және Абай облыстарының солтүстік бөліктерінде түнде -40°C сарышұнақ аяз болжануда. Қарағанды облысының батысы мен шығысында ауа температурасы -35°C-қа дейін төмендеуі ықтимал. Алматы және Жетісу облыстарында да түнгі суық -25…-28°C шамасында болады деп күтілуде.
Ал еліміздің батысы мен оңтүстігінде атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты жауын-шашын күшеймек. Оңтүстік өңірлерде қалың қар мен жаңбыр жауып, жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан асып түсуі мүмкін. Солтүстік-батыс аймақтарда қар жауып, жаяу боран соғады деген болжам бар.
Республика бойынша көптеген өңірде тұман түсіп, жолдарда көктайғақ пайда болады, желдің күшеюі де ықтимал. Осыған байланысты мамандар тұрғындарға жолға шығар алдында ауа райы ескертулерін мұқият қадағалап, алыс сапарларды кейінге қалдыруға кеңес береді.
Төтенше жағдайлар қызметі азаматтарды қауіпсіздік шараларын күшейтуге шақырады: ұзақ жолға шықпау, жылы әрі қабаттап киіну, ашық теріні толық жабу, сондай-ақ пешпен жылытылатын үйлерде өрт қауіпсіздігін қатаң сақтау қажет. Мамандардың айтуынша, қысқы қатты аяз кезінде ұсақ салғырттықтың өзі ауыр салдарға әкелуі мүмкін.