Қазақстанда «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ауқымды экологиялық жұмыстар жүргізілуде. Соңғы жылдары ел бойынша 1,6 млрд ағаш отырғызылып, 1 млн гектардан астам аумақта экожүйелер қалпына келтірілді деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Үкімет бұл бағытта тек көлемге емес, сапаға да мән беріп отыр. Атап айтқанда, көшеттердің жерсіну деңгейі мен экологиялық бақылауда цифрлық технологияларды қолдану басты назарда.
Премьер-министр Олжас Бектенов экологиялық бастамалардың маңызын атап өтіп, табиғатты қорғау әр азаматтың конституциялық міндеті екенін еске салды. Оның айтуынша, бұл бағытта жастар мен еріктілердің белсенділігі ерекше рөл атқарады.
Арал теңізінің құрғаған табанында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Мұнда сексеуіл егіліп, тұзды дауылдарға қарсы табиғи қорған қалыптастыру көзделген.
Экология министрлігінің мәліметінше, 2021–2025 жылдары 1,6 млрд ағаш отырғызылған. Ал биыл 210 млн-нан астам көшет отырғызу жоспарланған.
Сонымен қатар, елде орман питомниктері дамытылып, жаңа көшет өсіру орталықтары ашылып жатыр.
Үкімет экологиялық жобаларда цифрлық шешімдерді — дрондар, жерді қашықтан зондтау және жасанды интеллект элементтерін енгізуді тапсырды.