«Қазақмыс» компаниясы өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғауды күшейту мақсатында жаңа технологияны сынақтан өткізді. Енді өздігінен жүретін тау-кен шахталық техникалары автоматты өрт сөндіру жүйесімен қорғалатын болады деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Жаңа жүйенің тәжірибелік-өнеркәсіптік сынағы жер асты жағдайында да, ашық аумақта да жұмыс істейтін техникаларда сәтті өтті. Басты мақсат – өрттің шығу қаупін азайту және ықтимал апаттың салдарын төмендету.
Технологияның негізгі артықшылықтары:
-
Өрт анықталған сәтте жүйе автоматты түрде өрт сөндіру қоспасын жіберіп, жалынды тез оқшаулайды;
-
Әртүрлі температуралық жағдайларда тұрақты жұмыс істейді;
-
Қосалқы қуат көзімен жабдықталған және ұзақ уақыт пайдалануға төзімді.
Мұндай шешімді қолдану әсіресе жер асты жағдайында өте маңызды, өйткені онда өрт қас-қағым сәтте өршіп кетуі мүмкін. Жүйенің басты ерекшелігі – өртке қарсы адамның қатысуынсыз, автономды түрде әрекет етуі. Бұл адам факторына қатысты тәуекелдерді барынша азайтады.
Сынақ қорытындысы жүйенің өртті ерте анықтап, тез сөндірудегі жоғары тиімділігін растады. Бұл қызметкерлердің қауіпсіздік деңгейін арттырып, қауіпті факторлардың әсерін төмендетуге, сондай-ақ қымбат техниканың бұзылмай сақталуына тікелей ықпал етеді.
Алдағы уақытта «Қазақмыс» басшылығы технологиялық тиімділікті ескере отырып, бұл жүйені компанияның өндірістік алаңдарындағы басқа да жабдықтарға кезең-кезеңімен енгізуді жоспарлап отыр. Бұл қадам – компанияның өндірістік тәуекелдерді азайту бағытындағы кешенді жұмысының маңызды бір бөлігі.