Алматы іргесіндегі Екпінді ауылында жарылыс болып, жер үй толығымен қирады. Төрт адам жараланды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
КТК телеарнасының мәліметінше, жойқын жарылысқа жер астынан жүргізілген орталық газ құбыры себеп болуы мүмкін.
Жарылыстан жер үй толық қирап қалған. Төрт адам жараланды. Есік алдында тұрған көліктердің де сау-тамтығы қалмаған. Жағдайды ТЖД тексеріп жатыр.
Жарылыстың жойқын болғаны соншалық, үйдің іргетасы ғана қалған. Апат отбасы мүшелері шырт ұйқыда жатқанда, таңғы бес жарым шамасында болған. Үй иесінің пайымдауынша, газ жертөледен кіріп, үй ішіне тараған.
Үй иесі оқиға болар сәтте тысқа шығып кеткен. Жарылыстың қалай болғанын өз көзімен көрген. Көз алдында үйіндіге айналған үйдің астында әйелі мен үш бірдей ұлы қалып кеткен. Отбасын дереу көршілерімен бірге құтқарып, ауруханаға жіберген.
Самат Жайылханов газ мекемесі болған жайттан басын ала қашып отырғанын айтады. Оның сөзінше, апат болған кезде келген мамандар абдырап қалған өзін кінәлі қылып, "арыз-шағымым жоқ" дегізіп, құжатқа қол қойдырып алған.
"Бұл жерде елдің бәрі көріп тұр – газдан. Үйімдегі газплитадан, не басқа нәрседен газ тараған жоқ", - дейді үй иесі Самат Жайылханов.
Алты мыңнан аса халқы бар Екпінді ауылының тұрғындары да жұма күнгі апаттан соң әлі есін жия алмай, уайымдап жүр. Себебі жарылыстан соң жер астынан көпіршік болып шығып жатқан газды олар да көрген. Тұрғындар арты үлкен апатқа ұласа ма деп алаңдаулы.
"Газ құбыры жер астымен жүр, әлі көршілердің бәрі, өзім де ұйықтай алмадым, шыны керек. Бәріміздің де бала-шағамыз бар, мына жер астында шіріп атыр дейді. Шіріп жатса, тағы бір жерден атылады. Бұған кім кінәлі?" - дейді көршісі Ерлан Айжанов.
Оқыс оқиға бойынша "Алматы газ сервис" холдингінің мамандары түсінік берді. Олар жарылыс болған жердің астынан газ шығып жатқанын мойындаса да, оның апатқа қатысы бар-жоғын "дөп басып айта алмаймыз" дейді. Қазір қызметкерлер отыз жылдан аса уақыт бұрын орнатылған құбырларды ауыстырумен әлек.
"Әзірге белгісіз. Қазір ТЖД тексеріп жатыр. Сол бітсін. Сосын көреміз. Біріншіден, біз шіріп кеткен жерін ауыстырамыз да, газды қайтадан жібереміз. Шіріген құбырдан үй ішіне газ тарады ма, оны білмеймін", - дейді "Алматыгазсервис" АҚ холдингінің бас инженері Ерлан Құмашев.
Жарылыста зардап шеккен отбасы мүшелерінің жағдайы ауыр, бірақ тұрақты дейді дәрігерлер. Барлығы мамандардың бақылауында. Ауыл тұрғындары зардап шеккен отбасыға 2 млн теңге жинап берген. Жергілікті әкімдік те алдығы уақытта әулеттің аяққа тұрып кетуі үшін ақшалай көмек берілетінін айтты.