Ақтөбеде беташар кезінде бума-бума ақша санап, жұрт назарына түскен қалалық мәслихат депутаты Аслан Қайырғалиев тәртіптік жазаға тартылды. Әлеуметтік желіде қызу талқыланған оқиғаға байланысты депутатқа сөгіс жарияланды. Бұл туралы Ozgeris.info сайты Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ақтөбеде қалалық мәслихат депутаты Аслан Қайырғалиев тойдағы видеоға байланысты жазаланды. Кадрларда оның бума-бума ақшаны беташарда жұрт көзінше санап тұрғаны көрінеді. Желі қолданушылары оны бірден таныды. Қайырғалиев депутат қана емес, сонымен бірге әкімнің ұлы екені де белгілі. Кейін ол бұл әрекеті орынсыз болғанын мойындады.
Бұл видео алдымен той өткен мейрамхананың Instagram парақшасында жарияланған. Кейін оны жергілікті пабликтер тарата бастады. Бірі мұны қазақтың дәстүрінде бар қалыпты жағдай десе, енді бірі оны бос мақтан деп сынға алды. Әлеуметтік желі қолданушылары Қайырғалиевтің жай қонақ емес, депутат әрі әкімнің ұлы екенін атап өткен.