Қазақстан мен Моңғолия президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ухнаагийн Хүрэлсүх екіжақты қарым-қатынастың жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтіп, бірқатар маңызды мәселелерді талқылады деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Тоқаев: «Ортақ тарих пен біртұтас тамыр» Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас екі халықты тарихи тамырластық байланыстыратынын, екі елдің де көшпелі өркениеттің ұрпағы екенін ерекше атап өтті. Ол Моңғолиядағы оң өзгерістерге жоғары баға берді:
-
Өткен жылы ел экономикасы 6,8%-ға өскен;
-
Мемлекетті дамытудың «Vision-2050» кешенді жоспары жүзеге асырылуда;
-
Жаңа Хархорум қаласының құрылысы басталды.
«Бұл жетістіктер сіздің көреген саясатыңыздың арқасында мүмкін болып отыр. Біз бауырлас еліңіздің барлық табыстарына шын жүректен қуанамыз», – деді Қазақстан Президенті.
Хүрэлсүх: «Қазақстанның жетістіктерін жіті бақылап отырмыз» Өз кезегінде Моңғолия басшысы Ухнаагийн Хүрэлсүх Қазақстанға 20 жылдан кейін мемлекеттік сапармен келгеніне қуанышты екенін жеткізді. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылы Моңғолияға жасаған сапары екіжақты ынтымақтастық тарихында алтын әріптермен жазылатынын еске салды.
«Сіздің сапарыңыз моңғол-қазақ қатынастарын стратегиялық серіктестіктің жаңа деңгейіне шығарды. Ол кезде біз оннан астам құжатқа қол қойған едік. Осы жолғы мемлекеттік сапар барысында да бірқатар маңызды келісімдер бекітілетін болады», – деді моңғол көшбасшысы.