Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі запасқа босатылатын және болашақта алғашқы әскери дайындық (АӘД) пәнінің оқытушысы ретінде жұмыс істеуді жоспарлаған әскери қызметшілерге арналған онлайн-қайта даярлау бағдарламасын енгізді деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Бұл бастаманы Әскери білім және ғылым департаменті жаңартылған АӘД қағидалары аясында жүзеге асыруда. Оқу процесі толығымен қашықтан ұйымдастырылғандықтан, тыңдаушылар негізгі әскери қызметінен қол үзбей-ақ педагогикалық біліктілік ала алады.
Қорғаныс министрінің бұйрығына сәйкес әзірленген курс мектептер мен колледждерге білікті мамандар даярлауға бағытталған. Оқу бағдарламасына мынадай бағыттар кіреді:
Сабақ беру әдістемесі;
Педагогика және психология негіздері;
Әскери-патриоттық тәрбиенің заманауи стандарттарын меңгеру.
Курсты толық аяқтаған қатысушыларға білім беру мекемелерінде АӘД пәнінен сабақ беруге құқық беретін арнайы үлгідегі сертификат табысталады. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта алғашқы тыңдаушылар тобы оқуға кірісіп кетті.