Жаңалықтар

Қауіпсіздік жылы: «Қазақмыс» жаңа оқыту курсын бастады

Қауіпсіздік жылы: «Қазақмыс» жаңа оқыту курсын бастады

«Қазақмыс» корпорациясында жарияланған Қауіпсіздік жылы аясында өндірістік қауіпсіздік бойынша «QauipsizdikStart» (QStart) кіріспе курсы іске қосылды. Бағдарлама еңбекті қорғау жөніндегі бекітілген стратегияға, сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау мәселелері бойынша қызметкерлерді оқыту мен олардың білімін бағалауды қамтитын ішкі оқыту тұжырымдамасына сәйкес әзірленген деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Ілкі жоба Балқаш қаласындағы Кадр даярлау және қайта даярлау орталығы базасында жүзеге асырылуда. Бағдарламаны орталықтың Балқаш және Сәтбаев қалаларындағы мамандары «Қазақмыс» тобының жұмыскерлері үшін арнайы дайындаған.

Оқыту офлайн форматта өтеді. Курстың ұзақтығы – 8 сағат, соңында қатысушылар қорытынды тестілеуден өтеді. Бағдарлама қауіпсіздік мәдениетінің негізгі элементтерін қамтиды. Атап айтқанда, өмірді сақтайтын ережелер (Life Saving Rules), қауіпті анықтау және тәуекелдерді бағалау, қауіптілігі жоғары жұмыстарға рұқсат беру тәртібі, техникамен және көлік құралдарымен қауіпсіз жұмыс істеу қағидалары қарастырылған. Сонымен қатар, жеке қорғаныс құралдарын пайдалану және оқыс оқиғалар мен төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл алгоритмдері түсіндіріледі.

Әрбір жұмыскердің қауіпсіздік үшін жеке жауапкершілігін қалыптастыруға ерекше назар аударылған. Сондай-ақ адам өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда жұмысты тоқтату құқығы негізгі қағидалардың бірі ретінде белгіленген. Бағдарламаның ерекшелігі – ішкі сараптаманың қолданылуы және нақты өндірістік кейстердің талдануы.

Қазіргі уақытта оқыту курсынан 36 қызметкер өткен. Апта соңына дейін тағы 55 қызметкерді қамту жоспарланып отыр. Жалпы бағдарлама компанияның негізгі персоналын кезең-кезеңімен оқытуға бағытталған.

Бағдарлама қауіпсіздік мәдениетін нығайтуға және өндірісте қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Оны жүйелі түрде жүзеге асыру өндірістік жарақаттану деңгейін төмендетуге, оқыс оқиғалардың алдын алуға және компания бөлімшелерінде қауіпсіздік стандарттарын дамытуға ықпал етеді.

Барлық жаңалық