💰 Экономика

Қаржы омбудсманы деген кім және ол халыққа не береді?

Қазақстанда Қаржы омбудсманының бірыңғай қызметін құру жоспарланып отыр. Бұл бастама Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі дайындап жатқан «Банктер және банк қызметі туралы» жаңа заң жобасында қарастырылған, деп жазады Ozgeris.info.

Негізгі мақсат қаржы ұйымдары мен тұтынушылар арасындағы дауларды сотқа жеткізбей шешудің бірізді әрі түсінікті жолын қалыптастыру.  Қарапайым тілмен айтқанда, егер адам банкке, микроқаржы ұйымына немесе сақтандыру компаниясына шағымданып, алған жауабына көңілі толмаса немесе мүлде жауап ала алмаса, ол Қаржы омбудсманының бірыңғай қызметіне жүгінуге құқылы болады. Бұл қызмет қаржы нарығындағы дауларды сотқа дейін реттейтін басты орынға айналады. Қазір бөлек жұмыс істеп отырған банк омбудсманы, сақтандыру омбудсманы және микроқаржы омбудсманы осы бір орталыққа біріктіріледі.

Қаржы омбудсманы тұтынушы мен қаржы ұйымы арасындағы дауды қарап, шешім шығарады. Ең маңыздысы сол шешімдер қаржы ұйымдары үшін міндетті болады. Егер дау сонда да шешілмесе, азаматтың сотқа жүгіну құқығы сақталады. Яғни бұл соңғы нүкте емес, бірақ сотқа дейінгі нақты әрі тиімді саты.

Сотқа дейінгі тәртіп бірнеше жағдайда қолданылады. Біріншіден, егер тұтынушының банктерге, бейрезидент банктердің филиалдарына, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға, микроқаржы ұйымдарына, микрокредит немесе банктік қарыз бойынша талап ету құқығы берілген адамдарға, сақтандыру ұйымдарына немесе бағалы қағаздар нарығындағы брокерлік ұйымдарға мүліктік талабы болса. Екіншіден, банк, микроқаржы ұйымы немесе коллектор қарыз шартын өзгертуге келіспесе немесе жеке тұлға өтініші бойынша ортақ шешім табылмаса. Үшіншіден, міндетті және ерікті сақтандыру бойынша сақтанушылар мен сақтандыру ұйымдары арасында дау туындаса.

Бұл жүйеде қаржылық қызметтерді тұтынушы деп тек жеке тұлғалар ғана емес, шағын кәсіпкерлікке жататын заңды тұлғалар да танылады. Сонымен қатар сақтандыру саласында сақтандыру ұйымдарының өзара дауларын қарау да көзделіп отыр.

Қаржы омбудсманы қызметінің кеңесіне Агенттікпен алдын ала келісу арқылы әр бағыт бойынша омбудсмандардың қажетті санын тағайындау құқығы беріледі. Ал Агенттік олардың кәсіби қызмет жүргізу тәртібін, корпоративтік басқару талаптарын белгілеп, қаржы ұйымдары мен омбудсман қызметінің осы талаптарды сақтауын қадағалайды.

Бұл бастама не үшін керек деген сұраққа мамандар былай деп түсіндіреді:

 «Бүгінгі таңда қаржы даулары көп жағдайда сотқа жетіп жатады. Бұл соттың да, азаматтың да уақытын алады. Ал сотқа дейінгі реттеу жүйесі енгізілсе, мәселені ертерек, тезірек және артық шығынсыз шешуге мүмкіндік туады. Агенттік өз ресурсын тікелей қаржы нарығын дамытуға бағыттайды, ал соттың жүктемесі азаяды. Ең бастысы, тұтынушы өзін жалғыз сезінбейді, оның құқығын қорғайтын нақты тетік пайда болады».

Жалпы ұсынылып отырған модель халықаралық тәжірибеге сай келеді. Ол өтініштерді қараудың 3 сатылы жүйесіне негізделген. Алдымен адам қаржы ұйымының өзіне жүгінеді. Егер нәтиже болмаса, Қаржы омбудсманына барады. Қажет болған жағдайда соңғы саты ретінде Агенттікке жүгіну мүмкіндігі сақталады.

 

Барлық жаңалық