Жаңалықтар

Қарағандыда газ баллоны жарылып, төрт адам жарақат алды

Қарағандыда газ баллоны жарылып, төрт адам жарақат алды

Қарағанды қаласында дәмхана киоскі жарылып, өрт шықты. Оқиға Ермеков көшесінде орналасқан фастфуд нысанында болған деп хабарлайды Оzgeris.info.

 

Алдын ала мәлімет бойынша, киоск ішінде газ баллоны жарылған. Соның салдарынан нысан өртеніп, жалын ішкі және сыртқы қаптаманы, сондай-ақ жиһаздарды шарпыған. Өрт шамамен 30 шаршы метр аумақты қамтыды.

 

Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер ғимарат ішінен көлемі 27 литр болатын тағы екі газ баллонын қауіпсіз жерге шығарып үлгерген.

 

Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, түрлі дәрежедегі күйік алған төрт адам ауруханаға жеткізілді. Қазір олардың жағдайы дәрігерлердің бақылауында.

 

Куәгерлердің айтуынша, өрт кезінде жақын маңда тұрған автокөлік те қауіп аймағында болған. Оны айналадағы адамдардың көмегімен дер кезінде алыстатып, үлкен қауіптің алдын алған.

Барлық жаңалық