Алматылық «Қайрат» Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы ойында Болгарияның «Левски» клубына 0:1 есебімен есежіберді. Софиядағы кездесуде тағдырды шешкен жалғыз гол 92-минутта соғылды. Сержиньюдің алыстан тепкен добы қорғаушы Александр Мартыновичқа тиіп бағытын өзгертіп, қақпашы Темірлан Анарбековты қапы қалдырды, деп жазады Ozgeris.info тілшісі.
Бір қарағанда 0:1 – қайтаруға болатын есеп. Бірақ ойынның мазмұны «Қайрат» жанкүйерлерін алаңдатпай қоймайды. Қазақстан чемпионы 90 минут ішінде қарсылас қақпасына бірде-бір дәл соққы бағыттай алмады. Бұл шабуылдағы креативтің, соңғы пастың және шабуылды аяқтайтын футболшының жеткіліксіз болғанын көрсетті. Команда қорғаныста тәртіп сақтағанымен, алдыңғы шепте батылдық жетіспеді. «Қайраттың» негізгі мәселесі – шабуылда допты ұстап, қысымды күшейтетін көшбасшының болмауы. Қарсылас қорғанысын ашатын ойыншының жоқтығы сезілді. Сондықтан допты бақылау болғанымен, қауіпті сәттер өте аз жасалды.
Енді басты үміт – 11 тамыздағы қарымта матч. Алайда бұл ойын Алматыдағы Орталық стадионда емес, Түркістанда өтеді. Оның басты себебі – Алматыдағы стадионда әлемге танымал америкалық рэпер Канье Уэсттің концертіне дайындық жұмыстарының жүргізілуі. Бұл шешім қоғамда түрлі пікір туғызды. Себебі Чемпиондар лигасы – Еуропадағы ең беделді клубтық турнир. Мұндай деңгейдегі матчта өз алаңыңда, өз жанкүйеріңнің алдында ойнаудың артықшылығы өте үлкен. Команда үйренген алаңынан айырылып, мың шақырымнан астам қашықтықтағы Түркістанда қабылдайды. Әрине, бұл толықтай шешуші фактор емес. Бірақ мұндай деңгейдегі кездесулерде ұсақ детальдардың өзі нәтижеге әсеретуі мүмкін. Дегенмен мүмкіндік әлі де бар. Бір гол айырмашылығы – үкім емес. Егер «Қайрат» шабуылдағы ойынын күшейтіп, қақпаға дәл соққысанын арттыра алса, келесі кезеңге шығуға толықәлеуеті жетеді.
Осы мәселеге қатысты спорт жанашыры әрі өнер саласының өкілі Мұрат Тынышқали мұндай шешімнің жанкүйерлер үшін оңай қабылданбайтынын айтады.
«Өзім де өнер саласында жүрген адаммын. Канье Уэст сияқты әлемдік жұлдыздың Қазақстанға келуі – үлкен оқиға. Бірақ футбол алаңында ең алдымен футбол өтуі керек. Бұл – еуропалық жарыстарға деген құрметтің белгісі. Матчтың Түркістанға ауысуына байланысты көптеген алматылық жанкүйер жолдың алыстығына байланысты бара алмайды. Нағыз жанкүйерлер үшін бұл өте ауыр. Қазақстандықтар мұны түсінуі мүмкін, бірақ шетелдік футбол қауымдастығы мен жанкүйерлер мұндай жағдайды басқаша қабылдайды. Сондықтан “Қайраттың” өзіне тиесілі, халықаралық талапқа сай жеке стадионы болуы қажет. Кезінде Назар аудардың жүргізушісі Ғазиз Ерболаттың “Футболшылар сахнаға барып доп теппейді ғой” деген сөзі бар еді. Бұл ойдың астарында үлкен мән жатыр. Канье Уэсттің концерті де, “Қайраттың” еурокубоктағы ойындары да Қазақстанның имиджін көтеретін маңызды шаралар. Бірақ дәл осындай таңдауда шынайы футбол жанкүйерлерінің мүддесі ескерілмей қалғандай әсер қалдырады», – дейді Мұрат Тынышқали.
Ал ертең еуро кубоктағы кезек Қостанайдың «Тобылына» келеді. Қостанайлықтар сырт алаңда сербиялық «Партизанмен» күш сынасады. Қазақстандық клубтардың соңғы жылдардағы тәжірибесі көрсеткендей, өз алаңындағы нәтиже шешуші рөл атқарады. «Тобыл» тәртіпті қорғанысымен және жылдам қарсы шабуылымен ерекшеленеді. Егер алғашқы кездесуде қолайлы есеп тіркесе, келесі кезеңге жолдама алуға мүмкіндігі бар. Бірақ еуро кубоктарда әрбір қателік кешірілмейтінін «Қайраттың» кешегі кездесуі тағыбір мәрте дәлелдеп берді.