Жаңалықтар

Павлодарда фельдшер емделушілердің атына несие алған

Павлодарда фельдшер емделушілердің атына несие алған

Ол қарызды жасырын рәсімдеген. Жалпы шығын көлемі 300 000 теңгеден асады, деп жазады Ozgeris.info сайты. 

Павлодар облысындағы ауылдардың бірінде емделушілердің банктік қосымшаcы мен карталарынан ақша ұрлаған, сондай-ақ, оларды алдап атына несие рәсімдемек болған фельдшер сотқа тартылды.

Аталған істі Железин аудандық соты қарады. Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың желтоқсанында сотталушы емделушілердің сеніміне қиянат жасап, олардың ұялы телефондары мен банктік қосымшаларына бірнеше рет қол жеткізген. Көмектескен сыңай танытып, құпия сөздерді біліп алған және заңсыз операциялар жүргізген.

Бір жағдайда ол емделуші әйелдің шотынан бөгде шотқа 50 000 теңге аударған. Басқа эпизодтарда фельдшер емделушілердің атына несие рәсімдеуге тырысып, банктік карта мәліметтерін үшінші тұлғаларға берген.

"Ер адам кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтты және ұрланған ақшаның барлығын қайтарды. Сот кінәсін мойындауды, өкінуді, жас балаларының болуын және шығынды өтеуді жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескеріп, фельдшерді пробациялық бақылаумен үш жылға бас бостандығын шектеуге үкім кесті", – деп хабарлады Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі.

Үкім заңды күшіне енді.

Барлық жаңалық