Пәтер алуды ойлаған адам ерте ме, кеш пе «Қазір алғаным дұрыс па?» деген сұраққа тіреледі. Ақша бар, бірақ ол тек шағын пәтерге немесе қала шетіндегі ауданға ғана жетеді. Ал көңілде үлкен арман бар. Кең үй, жақсы аудан, орталыққа жақын болса дейді, деп жазады Ozgeris.info Krisha.kz-ға сілтеме жасап.
Сол үшін көп адам тағы біраз күтейін, тағы 1 немесе 2 жыл жинайын деп шешеді. Бірақ бұл шешім әрдайым ұтымды бола бермейді. Көпшіліктің ойында бір сенім бар. Уақыт өтсе, ақша көбейеді, мүмкіндік артады деген түсінік. Бірақ өмір әрдайым жоспармен жүрмейді. Krisha.kz компаниясының сату бөлімін басқаратын Имран Османов осы тұста маңызды ой айтады:
«Адамдар көбіне қазір қолында бар ақшамен әрекет етуден бас тартады. Себебі ертең көбірек жинаймын деп ойлайды. Бірақ бұл үлкен қателік болуы мүмкін. Егер бүгін шағын пәтер алуға мүмкіндік болса, ол сол нұсқада өмір бойы қаласың деген сөз емес. Ең бастысы, өз үйің болады. Жалдамалы өмірге тәуелді болмайсың. Ал өз баспанасы бар адам ертеңін жоспарлай алады. Үлкен пәтер туралы арман өмірді тоқтатып қоятын күтуге айналмауы керек. Қазір мүмкіндік болса, шағын болса да, өз үйіңді алу алға жасалған нақты қадам».
Шынында да, шағын пәтердің өзі үлкен өзгеріс әкеледі. Ең алдымен, жалдамалы үйден шығасың. Ай сайын бөтен адамға ақша төлеп отырмайсың. Екіншіден, тұрғын үй бағасының өсуінен қорғанасың. Үшіншіден, бұл мүлік активке айналады. Уақыт өте оны сатып, басқа пәтер алуға болады. Немесе жалға беріп, табыс көзіне айналдыруға болады. Кейін ипотека немесе тұтынушылық несие арқылы жағдайды жақсарту мүмкіндігі де пайда болады.
Кей адам күту қауіпсіз деп ойлайды. Бірақ күту де тәуекелсіз емес. Ақша инфляция салдарынан құнсызданады. Тұрғын үй бағасы көбіне адамның жинағынан жылдамырақ өседі. Ал басқа инвестициялар әрдайым табыс әкелмейді. Соның салдарынан бірнеше жылдан кейін де сол арман сол күйі алыстап тұруы мүмкін.
Экономист Эльдар Шамсутдинов бұл мәселені кеңірек түсіндіреді. Оның айтуынша, пәтер сатып алу тек қаржылық есеп емес, өмір сапасына қатысты шешім.
«Қазақстанда тұрғын үй бағасы ұлттық валютада бірнеше рет дағдарыстан кейін қайта қалпына келген. Бұл 2009, 2015 және 2020 жылдары анық көрінді. Баға уақытша 10 немесе 20 пайызға төмендеген күннің өзінде, инфляция оны қайта жаңа деңгейге алып келді. Ал жалдап өмір сүру, күн сайын жолға уақыт пен күш жұмсау, үнемі көшу адамның өмір сапасын төмендетеді. Оның ақшамен өлшенбейтін өз бағасы бар. Бірақ сонымен бірге пәтерді қалай болса солай ала салуға болмайды. Егер ол жер ыңғайсыз болса, күн сайын компромисспен өмір сүруге мәжбүр етсе, бұл сатып алмауға салмақты себеп», дейді маман.
Экономистің айтуынша, өзің тұратын үйді тек инвестиция деп қарау дұрыс емес. Бұл адамның көңіл күйіне, жұмысқа деген ынтасына, жалпы өміріне әсер ететін орта. Кейде нарықтағы баға уақытша төмендеуі мүмкін, бірақ жоғалған уақыт пен жайлылық қайта келмейді.
Сондықтан басты сұрақ пәтердің идеал немесе идеал еместігінде емес. Бастысы ол бүгінгі өмірге сай келе ме, жоқ па? Егер бюджетке сәйкес, өмір сүруге қолайлы нұсқа болса, қазір алу көбіне ақылға қонымды шешім. Ал егер сатып алу өмір сапасын күрт төмендетсе, онда кідіріс жасап, ойлануға болады.