💰 Экономика

Өзіміз қанша көлік шығардық?

Өзіміз қанша көлік шығардық?

2025 жылы елімізде 171 мың автокөлік құрастырылды. Қазақстан автокөлік одағының мәліметінше, бұл көрсеткіш отандық автоөндіріс тарихындағы ең жоғары деңгей болып отыр. Бір жыл ішінде шығарылған өнімнің жалпы құны 2,3 трлн теңгеден асты. Алдыңғы жылмен салыстырғанда өндіріс көлемі 17,8%-ға ұлғайды, деп жазады Ozgeris.info.

Автокөлік өндірісі өңдеу өнеркәсібінің құрылымында маңызды орын алды. Жыл қорытындысы бойынша бұл сала өңдеу өнеркәсібінің жалпы көлемінің шамамен 8%-ын қамтамасыз етті. Ал машина жасау саласының ішінде автокөлік өндірісінің үлесі 41,7%-ға жетті. Бұл көрсеткіш машина жасау өнімдерінің елеулі бөлігі автокөлікке тиесілі екенін көрсетеді.

Өндірістің өсуі инвестициялық белсенділікпен байланысты. 2025 жылы салаға 113,6 млрд теңге инвестиция салынды. Қаражат негізінен жұмыс істеп тұрған өндіріс қуаттарын жаңғыртуға және автокомпоненттер шығаратын жаңа желілерді іске қосуға бағытталды. Бұл өндірістік базаны кеңейтуге және технологиялық мүмкіндіктерді арттыруға жағдай жасады.

Саладағы өндірістік әлеуеттің артуына жаңа зауыттардың іске қосылуы әсер етті. Алматы мен Қостанай қалаларында Astana Motors Manufacturing Kazakhstan және Kia Qazaqstan кәсіпорындары жұмысын бастады. Нәтижесінде автокөлік өндірісінде жұмыспен қамтылғандар саны 11 153 адамға жетті.

Өндірілген көліктер құрылымында жеңіл автомобильдер басым болды. Бір жылда шамамен 159 мың жеңіл көлік құрастырылды. Коммерциялық автомобильдер өндірісі 12 мың бірлікті құрап, бұл сегментте 8%-дық өсім тіркелді.

Өндірушілер бөлінісінде Қостанайдағы Allur, «СарыарқаАвтоПром» брендімен, 92 100 бірлік техника шығарды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,8%-ға жоғары. Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan зауыты 52 000 көлік өндірді. Коммерциялық және арнайы техника сегментінде QazTehna, СемАЗ және «КАМАЗ Инжиниринг» жетекші орын алды. Кейбір жүк көліктерін өндірушілерде көлемнің төмендеуі байқалғанымен, саланың жалпы динамикасы оң деңгейде сақталды.

Қазақстандық автокөлік одағы деректеріне сәйкес, бұл үрдіс өндірісті одан әрі локализациялау үшін алғышарттар қалыптастырып отыр.

2026 жылға қатысты бағалаулар бойынша автокөлік нарығында тұрақты өсім сақталады, жаңа отандық көліктер бағасында айтарлықтай өзгерістер күтілмейді. Ал қолданыста болған көліктер сегментінде жүйелі мәселелердің бар екені атап өтіледі.

Барлық жаңалық