Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру барысына арналған арнайы отырыс өтті. Жиында өңірлердегі тазалық жұмыстары, волонтерлік қозғалысты қолдау және еліміздегі ұлттық парктердің инфрақұрылымын дамыту мәселелері қаралды деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Экологиялық саясаттың негізгі жүгі жергілікті әкімдіктерге артылып отыр. Осыған орай, Экология және табиғи ресурстар министрлігі өңірлердің жұмысын бағалайтын жаңа пилоттық рейтинг әзірледі. Енді әкімдіктердің жұмысы 5 негізгі көрсеткіш (қалдықтарды жинау, өңдеу, полигондар үлесі, акцияларға қатысу және TazaQazBot өтінімдерін орындау) бойынша қатаң бақыланады.
Отырыс барысында бірқатар өңір әкімдері есеп берді. Мәселен, Алматы қаласында көшелерді тазалаудың «Бір аудан – бір мердігер» жаңа моделі енгізіліп, алғашқы мобильді экотрак іске қосылған. Алматы облысында жылына 450 мың тонна қалдық өңдейтін зауыт салынып жатса, Ақтөбе облысы көгалдандыру мен веложолдар салуға басымдық берген.
БҰҰ Бас Ассамблеясы 2026 жылды – Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялағаны белгілі. Бүгінде Қазақстанда белсенді еріктілер саны 300 мыңнан асқан. Үкімет оларды жан-жақты қолдау мақсатында «волонтердің цифрлық паспортын» енгізуді және әлеуметтік қорғаудың қосымша шараларын әзірлеуді қолға алды. Мәдениет және ақпарат министрлігіне бұл бағытта кешенді заңнамалық жұмыстар жүргізу тапсырылды.
Жиынның ең өткір тұсы – экологиялық туризм мәселесі болды. Елімізде ұлттық парктерге келушілер саны қарқынды өсіп, 2025 жылы 3,7 миллион адамға жеткенімен, инфрақұрылымның даму қарқыны көңіл көншітпейді.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов Экология министрлігінің жұмысын қатаң сынға алды:
«Экология министрі Іле-Алатауы, Алтын-Емел және Шарын ұлттық парктерін абаттандыру бойынша есеп бергенімен, бұл жұмыстар бірнеше жыл бұрын жүргізілген. Содан бері айтарлықтай нәтижелер байқалмайды. Министрлікке және өңір әкімдеріне табиғи парктерді абаттандыру ісіне ірі бизнесті тарту мәселесі бойынша келіссөздер өткізуді тапсырамын», – деді Премьер-министр.
Олжас Бектенов жауапты ведомстволарға ұлттық парктердің бірыңғай дизайн-кодын бекітіп, маусым айында өтетін келесі отырыста нақты нәтижелермен есеп беруді міндеттеді. Сонымен қатар, туристік қызметтен түсетін кірістерді тек экожүйені сақтауға және туристік инфрақұрылымды дамытуға жұмсау қажеттігі айтылды.