🌐 Әлем

Назарбаевқа қатысты банк Ресейде табысқа жетіп жатыр

Назарбаевқа қатысты банк Ресейде табысқа жетіп жатыр

Ресейдің банк секторында пайда көлемі азайып жатқан кезде бір қаржы ұйымы керісінше өсім көрсетіп отыр. Нұрсұлтан Назарбаевтың қорларымен байланысы бар «Азиатско Тихоокеанский банк» соңғы жылдары табысын бірнеше есеге арттырып, елдегі ең ірі 30 банктің қатарына кірді. Бұл туралы «Выход к мору» телеграм арнасы хабарлады.

Ресей бойынша жалпы банк пайдасы 8 пайызға төмендегеніне қарамастан, АТБ өсім көрсетті. Кейінгі 5 жыл ішінде банктің таза пайдасы 1,5 млрд рубльден 16 млрд рубльге дейін жеткен. Яғни, көрсеткіш 10 есе ұлғайған. Теңгеге шаққанда бұл шамамен 102 млрд теңге болады. Мұндай нәтиже Қазақстан нарығымен салыстырғанда да айтарлықтай жоғары көрсеткіш саналады.

Банктің активтері де айтарлықтай артқан. Егер 5 жыл бұрын актив көлемі 134,5 млрд рубль болса, қазір ол 338 млрд рубльге жеткен. Осындай өсімнің арқасында АТБ Ресейдегі ең ірі 30 банктің тізіміне енді.

Санкция мәселесі де назар аударарлық. Қазіргі уақытта банк халықаралық Raiffeisen, OTP Group, Citigroup және UniCredit топтарының еншілес ұйымдары сияқты ешбір санкциялық тізімге кірмеген. 2025 жылдың қаңтарында Еуропа Одағының 16 санкциялық пакетіне енгізілуі мүмкін банктер қатарында аталғанымен, соңғы шешімде АТБ мен «Москоммерцбанк» шектеулерден тыс қалды.

Бұл банктің тарихы да оңай болмаған. 2018 жылы Ресейдің Орталық банкі АТБ-ны қаржы пирамидасын құрды деп айыптап, санация режиміне ауыстырған. Сол кездегі иесі Андрей Вдовинге айып тағылып, ол елден кеткен.

Кейін жағдай өзгерді. 2021 жылы Ресей Орталық банкі банктің 100 пайыз акциясын Pioneer Capital Invest компаниясына 14 млрд рубльге сатты. Бұл компания Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қорларына байланысты екені айтылды. Кейін банк құрылымы кеңейіп, оның құрамына «Квант мобайл банкі» қосылды.

 

 
Барлық жаңалық