Елімізде адам саудасына қарсы күрес бұрын-соңды болмаған деңгейге жетіп отыр. Жаңа туылған сәбилердің саудасынан бастап, ғаламтор арқылы жезөкшелікті жарнамалауға дейінгі сұмдық қылмыстар әшкере болды. Биылғы жылдың сегіз айында 141 қылмыс тіркелген. Өткен жылы 207 іс анықталған. Мұндай статистиканың артында қаншама адамның тағдыры тұр. Ozgeris.info тілшісі жалғастырады.
Маусым айында Алматы полициясы мен ҰҚК қызметкерлері нәрестені сату әрекетін дер кезінде тоқтатты. Белгілі болғандай, делдалдар жылдар бойы әлеуметтік желілер арқылы балаларынан бас тартуға дайын әйелдерді және оларды сатып алғысы келетін адамдарды іздеген. Жыл басынан бері кәмелетке толмағандарды саудалау фактісі бойынша 19 қылмыстық іс қозғалды. Құқық қорғаушылардың айтуынша, нәрестенің «құны» 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін жетеді.
Елімізде аталмыш қылмысқа қолданатын жаза ауыр. Мұндай әрекеттер үшін сатушыларға да, сатып алушыларға да 15 жылға дейін, ал кәмелетке толмағандарға қатысты мәмілелер үшін 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Жәбірленушінің келісімі ешкімді жауапкершіліктен босатпайды.
Қылмыстардың ішіндегі ең ауыры - жыныстық қанауға мәжбүрлеу. Анықталған құрбандардың жартысына жуығы осы қылмыстың құрбаны болған. Ауылдық жерлерде мәжбүрлі еңбек жиі кездеседі. Ал қалаларда жезөкшелікке тарту мен притон ұстау басым. Қылмыскерлер айлаларын интерент арқылы жүзеге асыруға еттері үйреніп кеткен. Адам саудасына қарсы жаңа заң күшіне енгеннен бері интернет арқылы жасалған 41 қылмыс анықталды, олардың қатарында жезөкшелікті жарнамалау, насихаттау және оған тарту әрекеттері бар.
Сот тәжірибесі күшейді. Мысалы, биыл 101 адам сотталды, олардың ішінде мүгедектер мен жасөспірімдерді қайыршылыққа немесе вебкам-жезөкшелікке мәжбүрлеген ұйымдасқан топтардың қатысушылары да бар. Мұндай қылмыс үшін 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Жәбірленушілер өздерін қорғансыз сезінетіндерін айтуда. Оларға арнайы қорлар жәрдемдесіп, уақытша баспана ұсынады. Көмекке мұқтаж жандардың арасында Ресей, Украина, Молдова, Қытай, Филиппин, Қырғызстан, Тәжікстан азаматтары бар. Мысалы осы статистиканың ішінде Қытайдың 16 азаматы бар. Ал филиппиндіктер, әдетте, қиын жағдайға тап болғаннан кейін уақыт өте келе хабарласады екен.
Бүгінде адам саудасына қарсы күреске полиция мен прокуратура ғана емес, сондай-ақ әкімдіктер, туристік компаниялар, әлеуметтік қызметтер де тартылған. Сарапшылардың пікірінше, жаңа заң жасырын тұрған мәселені шынайы көруге мүмкіндік берді.
Қазақстан негізгі халықаралық құжаттарды ратификациялады және өткен жылы адам саудасына қарсы жеке заң қабылдады. Жаңа заң жәбірленушілердің құқықтарын, заңдық және медициналық көмек алудан бастап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен өтемақыға дейін бәрін қамтамасыз етеді.
Сарапшылар азаматтарға тек тексерілген дереккөздерге сенуге және «ертегідей» уәделерге алданып қалмауға кеңес берді.