Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) дерегінше, зейнет жасына жеткен тұлғалардың талап етілмеген зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 37,3 миллиард теңгеге жеткен. Бұл сома 264 695 жеке зейнетақы шотында сақтаулы тұр, деп жазады Ozgeris.info.
Қор мәліметіне сәйкес, 148 335 адам қайтыс болған – олардың зейнетақы жинақтарын мұрагерлері талап ете алады. 59 800 адам шетелге тұрақты тұруға кеткен. 56 560 адам зейнет жасына жетсе де, мемлекеттік корпорацияға (ХҚКО) барып, зейнетақы төлемдерін рәсімдеуге әлі өтініш бермеген.
«Зейнеткер немесе олардың мұрагері (салымшы қайтыс болған жағдайда) талап еткенге дейін төлем сақталады. БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, оның отбасы мүшелеріне республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген 94 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшері шегінде қайтыс болған адамның зейнетақы жинақтары қаражаты есебінен, бірақ қайтыс болған адамның ЖЗШ-да бар қаражатынан аспайтын мөлшерде жерлеуге біржолғы төлем жүргізіледі. Сондай-ақ зейнетақы жинақтары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылады. Зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болғаннан кейін 6 ай ішінде оның мұрагерлері қайтыс болған адамның зейнетақы жинақтары түріндегі мұрагерлік мүлікті ресімдеу және мұрагерлік құқығы туралы куәлік алу үшін нотариусқа жүгінуге тиіс. Егер өтініш беру мерзімі өтіп кетсе, мұрагерлік құқығын қалпына келтіру үшін сот органдарына жүгіну қажет», делінген БЖЗҚ мәлімдемесінде.
Зейнетақы төлемін алу үшін қажетті құжаттар тізімі және өтініш беру тәсілдері БЖЗҚ сайтындағы «Қызметтер – Зейнетақы төлемдері» бөлімінде көрсетілген.