Қоғам

«Мөлдір бұлақ» акциясы: «Қазақмыс» қызметкерлері жағалауларды тазартты

«Мөлдір бұлақ» акциясы: «Қазақмыс» қызметкерлері жағалауларды тазартты

«Қазақмыс» компаниясының 2100-ден астам жұмысшысы еліміздің алты қаласындағы көлдер мен су қоймаларының жағалауын тұрмыстық қалдықтан арылтып, 250 тонна қоқыс шығарды, деп хабарлайды Ozgeris.info.

30 мамыр күні өндіріс орнының қызметкерлері президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясына қатысты. Табиғатты аялауға бағытталған бұл тазалық шарасы бір мезгілде Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш, Қарағанды, Шу және Астана қалаларында ұйымдастырылып, су айдындарының маңын ретке келтіруге басымдық берілді.

Шара барысында Кеңгір мен Федоров су қоймаларының, сондай-ақ Балқаш көлінің жағалауындағы тұрғындар демалатын қоғамдық аумақтар тазартылды. Ауқымды жұмысқа 25 арнайы техника мен 1500-ден астам тазалау құралы жұмылдырылып, жиналған 250 тонна қоқыс арнайы белгіленген орынға жеткізілді. Игі іске корпорация құрамына кіретін «Kazakhmys Smelting», «Kazakhmys Barlau», «Kazakhmys Maintenance Services» және «Maker» сияқты бірнеше кәсіпорын өкілдері біріге атсалысты.

Бұл акция қоршаған ортаны қорғау мен тұрақты даму бағытындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі екенін компания өкілдері мәлімдеді. Олардың хабарлауынша, ұжым табиғи ресурстарды сақтауға және өңірлердегі экологиялық жауапкершілікті арттыруға бағытталған республикалық бағдарламаны әрі қарай да тұрақты түрде қолдай бермек.

Барлық жаңалық