Жаңалықтар

Мемлекет басшысы FIS президенті Йохан Элиашты қабылдады

Мемлекет басшысы FIS президенті Йохан Элиашты қабылдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық шаңғы спорты және сноуборд федерациясының (FIS) президенті Йохан Элиашты қабылдады деп хабарлайды Оzgeris.info сайты Ақорда-ға сілтемемен.

 

Кездесу барысында Қазақстанның Халықаралық шаңғы спорты федерациясымен ынтымақтастық перспективалары талқыланды. Президент елімізде шаңғы спортының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, бүгінде 85 мыңнан астам қазақстандықтың бұл спорт түрімен тұрақты түрде айналысатынын айтты.

 

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда тау шаңғысы мен шаңғы жарысына арналған кешендер, халықаралық деңгейдегі мұз ареналары сынды заманауи спорттық инфрақұрылымдардың бар екенін жеткізді. Мемлекет басшысы еліміздің алдағы уақытта Италияда өтетін Қысқы Олимпиада ойындарына тыңғылықты дайындалып жатқанын да атап өтті.

 

Өз кезегінде Йохан Элиаш Қазақстанда спортты дамытуға көрсетіліп отырған қолдау үшін алғыс білдіріп, қазақстандық спортшылардың халықаралық ареналарда лайықты нәтиже көрсетіп жүргеніне назар аударды. Сонымен қатар ол елімізде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық реформаларға жоғары баға берді.

 

Кездесу барысында тараптар тәжірибе алмасу, спортшыларды даярлау, бапкерлерді оқыту және төрешілік бағыттарындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін қарастырды.

 

Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Йохан Элиашты Қазақстанда шаңғы және сноуборд спортының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Барлық жаңалық