Қоғам

Мәслихат депутаты пара берді деген күдікпен ұсталды

Мәслихат депутаты пара берді деген күдікпен ұсталды

Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Дмитрий Сомов лауазымды тұлғаға пара берді деген күдікпен ұсталғаны жайлы ақпарат пайда болды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.

Sozmedia.kz сайтының дерегіне сүйенсек, Дмитрий Сомов 12 ақпан күні лауазымды тұлғаға пара бергені үшін ұсталған. Депутаттың есімі бұған дейін де өңірдегі құрылыс тендерлерін бөлісуге қатысты жарияланған шулы зерттеулерде аталған болатын.

Депутаттың өзіне және жұбайына қатысы бар «Востоквзрывпром» ЖШС мен серіктесі басқаратын «Kurylys Group RK» компаниялары жол және инженерлік желілерді салу конкурстарына үнемі бірге қатысып, кезектесіп жеңімпаз атанып отырған. Бұл серіктестіктер әр жылдары мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылары деп танылғанына қарамастан, ірі келісімшарттар мен инфрақұрылымдық жобаларды алуды жалғастырған. Мәселен, Сомовпен байланысы бар делінген «Kurylys Group RK» серіктестігі алдыңғы жылы Павлодар әуежайын қайта жаңғыртуға бөлінген 14,6 миллиард теңгенің тендерін ұтып алған еді.

Редакциямыз аталған ақпараттың анық-қанығын білу мақсатында құзырлы органдарға ресми сауал жолдады.

Еске салайық, бірер күн бұрын әлеуметтік желіде Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омардың қамауға алынғаны туралы ақпарат тараған болатын. Әзірге облыс әкімдігі бұл деректі жоққа шығарған жоқ.

Барлық жаңалық