Қазақстанда цифрлық қаржы саласында жаңа кезең басталғалы тұр. 2026 жылғы 1 мамырдан бастап «Цифрлық активтер туралы» заңға енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Бұл – тек техникалық түзету емес, тұтас нарықтың жұмыс істеу логикасын өзгертетін шешім. Бұған дейін көбіне реттелмеген кеңістікте жүрген криптовалюта операциялары енді заңды алаңға шығып, нақты ережелер бойынша жүзеге асады. Бұл өз кезегінде қауіпсіздік, ашықтық және инвесторларды қорғау мәселесін жаңа деңгейге көтермек, деп жазады Ozgeris.info.
Ұлттық Банктің төлем жүйелері және цифрлық қаржы технологиялары департаментінің директоры Ерлан Ашықбековтің айтуынша, басты өзгеріс – нарықтың «көлеңкеден» шығуы.
«2026 жылғы 1 мамырдан бастап «Цифрлық активтер туралы» заңға енгізілген түзетулер күшіне енеді. Бұл реттелетін инфрақұрылымды іске қосуға құқықтық негіз қалайды. Біріншіден, криптоайналым “көлеңкелі аймақтан” ашық құқықтық алаңға шығып жатыр: барлық операция лицензияланған қатысушылар арқылы жүреді. Бұрын мұндай операциялардың едәуір бөлігі реттелмейтін, осылайша азаматтар мен қаржы жүйесіне қауіп туғызатын. Енді нарықта нақты ережелер қалыптасады. Бұл бақылауды күшейту ғана емес, пайдаланушыларды қорғау мен технологиялық дамуды қатар қамтамасыз ететін жаңа модельдің қалыптасуы», дейді ол.
Яғни, ендігі жерде криптовалюта – бейресми құрал емес, реттелетін қаржы жүйесінің бір бөлігіне айналады. Бұл өзгеріс тек қауіпсіздікке ғана емес, жаңа мүмкіндіктерге де жол ашады. Себебі заң аясында жаңа қаржы құралдары пайда бола бастайды. Ерлан Ашықбеков бұл бағыттың келесі кезеңіне де тоқталды.
«Екіншіден, цифрлық қаржы активтері пайда болды. Бұл – қаржы құралдарының жаңа класы. Олар елдің инвестиция және қаржы жүйесінің бір бөлігіне айналып келеді. Мысалы, стейблкоин мен нақты активті токенизациялау. Бұл дегеніміз, нарық тек криптовалютамен шектелмейді, күрделі әрі түсінікті инвестициялық құралдар пайда болады деген сөз. Мұндай модель пайдаланушыларды қорғау мен қаржы технологияларын дамыту мүмкіндіктерін ұштастырады», деп түсіндірді ол.
Цифрлық активтердің ішінде ең жиі айтылатын ұғымдардың бірі – стейблкоин. Бұл – белгілі бір валютаға, мысалы теңгеге немесе долларға байланған цифрлық актив. Оның басты артықшылығы – бағасының тұрақтылығы. Классикалық криптовалютадағыдай құбылмалылық төмен болады. Мұндай құрал төлем жасауды жылдамдатып, комиссияны азайтады. Сонымен қатар ол крипто мен дәстүрлі қаржы арасындағы байланысты күшейтеді.
Ал токенизация мүлде жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл – кез келген активті, мысалы жылжымайтын мүлікті, тауарды немесе қаржы құралын цифрлық үлестерге бөлу. Дәстүрлі жүйеде мұндай активтерге кіру қиын, рәсімдеу ұзақ әрі шығынды. Ал токен арқылы оларды бөлшектеп, кең аудиторияға қолжетімді етуге болады.
«Мысалы, ақпанда Қазақстанда Ұлттық Банктің реттеуші алаңы аясында коммерциялық жылжымайтын мүлікті токенизациялайтын пилоттық жоба басталды. Жоба аясында жылжымайтын мүлікке байланған цифрлық токендер шығарылады, онда бір токен бір шаршы метрге тең. Осылайша, мүлік цифрлық үлестерге бөлінеді. Инвесторлар токен сатып алып, сол объектіден үлес алады, операциялар жүргізе алады және табысты бөліседі. Блокчейн технологиясы меншік құқығы есебін ашық әрі сенімді жүргізуге мүмкіндік береді», дейді Е.Ашықбаев.

Бұл модельдің басты ерекшелігі – ашықтық пен қолжетімділік. Инвестор үшін де, бизнес үшін де жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Компаниялар дәстүрлі күрделі рәсімдерсіз-ақ қаржы тарта алады, ал инвесторлар ірі активтерге шағын көлеммен қатысу мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар жаңа заң аясында криптовалютамен жұмыс істеу тәртібі де өзгереді. Бұрынғыдай кез келген платформада операция жасауға болмайды. Барлық қызмет лицензияланған провайдерлер арқылы жүзеге асады.
«Криптоактивпен және шетелдік стейблкоинмен жасалатын операциялар Ұлттық Банктен лицензия алған провайдерлер – криптобиржа мен криптоайырбастау арқылы жүзеге асырылады. Олар клиенттерді сәйкестендіру, операциялардың ашықтығын қамтамасыз ету және заңсыз қызметке қарсы іс-қимыл талаптарын сақтауға міндетті», деп атап өтті Ерлан Ашықбеков.
Бұл талаптар нарықты шектеу емес, оны жүйелеу мақсатында енгізіліп отыр. Себебі қаржы саласында сенім – ең маңызды фактор. Ал сенім тек ашықтық пен бақылау болған жағдайда қалыптасады.