Кейінгі жылдары криптовалюта туралы әңгіме такси ішінде де, кеңсе асханасында да, әлеуметтік желіде де жиілеп кетті. Бірі биткоиннан қомақты пайда тапқанын айтса, енді бірі күмәнді жобаға алданып, жинаған қаржысынан айырылғанын жеткізеді. Осылайша криптовалюта көпшілік үшін бір жағынан жаңа мүмкіндік, екінші жағынан түсініксіз тәуекелге айналды, деп жазады Ozgeris.info.
Қазақстан да бұл үрдістен тыс қалған жоқ. Мемлекет цифрлық активтер нарығын реттеуге кірісіп, заңнаманы жаңартып жатыр. Алайда сарапшылар қандай заң қабылданса да, адамды асығыс шешімнен ешкім қорғай алмайтынын айтады. Сондықтан криптовалютаға қаржы салмас бұрын оның қалай жұмыс істейтінін, қандай қауіптері барын және қандай ережелер қолданылатынын білген жөн.
Криптовалюта деген не?
Қарапайым тілмен айтқанда, криптовалюта – тек электронды түрде болатын цифрлық актив. Оның қағаз ақша сияқты физикалық нұсқасы жоқ. Барлық операция арнайы блокчейн жүйесінде тіркеледі. Блокчейннің басты ерекшелігі – ақпарат бір орталықта сақталмайды. Сондықтан криптовалюта орталықтандырылмаған актив болып есептеледі. Яғни оны ешбір мемлекет немесе орталық банк тікелей басқара алмайды.
Бүгінде ең танымал криптовалюта – Bitcoin. Бірақ нарықта мыңдаған түрлі монета мен токен бар. Олардың бір бөлігі нақты технологиялық жобаларға негізделсе, енді бірі тек алыпсатарлық мақсатта пайда болған. Дәл осы жерде көпшілік алғашқы қателігін жібереді.
Тез байытатын құрал емес
Көп адам криптовалюта туралы естігенде технологияны емес, бағаның күрт өсуін ойлайды. Әлеуметтік желілерде «100 мың теңгеден миллион таптым», «монета он есе өсті», «бір айда көлік алдым» деген роликтер жетерлік. Алайда нарықтың екінші жағы туралы көп айтыла бермейді.
Fingramota.kz мамандарының айтуынша, криптовалютамен байланысты шығындардың басым бөлігі адамдардың эмоцияға беріліп әрекет етуінен туындайды.
«Криптовалюта нарығындағы ең үлкен қауіптің бірі – адамның психологиясы. Көпшілік бұл салаға білім мен стратегия арқылы емес, қорқыныш пен ашкөздік арқылы келеді. Біреулердің пайда тапқанын көріп, өздері қалып қойғандай сезінеді. Содан кейін активтің қалай жұмыс істейтінін зерттеместен, бар ақшасын салып жібереді. Нарық құлдыраған кезде ғана тәуекелдің қаншалықты жоғары екенін түсінеді. Сондықтан криптовалютаға инвестиция салмас бұрын оның технологиясын, нарық заңдылықтарын және ықтимал тәуекелдерін түсіну қажет. Бұл – тез байытатын құрал емес, жоғары құбылмалылыққа ие инвестициялық актив», дейді Fingramota.kz сарапшылары.
Қазақстанда криптовалютаға рұқсат бар ма?
Иә, бірақ белгілі бір шектеулермен. Қазақстанда криптовалюта ресми төлем құралы болып саналмайды. Яғни дүкенде азық-түлік сатып алуға немесе коммуналдық төлем жасауға оны пайдалана алмайсыз. Сонымен қатар азаматтарға цифрлық активтерді сатып алуға, сақтауға және сатуға мүмкіндік берілген.
Мамыр айында заңнамаға енгізілген өзгерістерден кейін мемлекет криптовалюталарға қатысты нақты қағидалар қалыптастыра бастады. Енді бұл нарық лицензияланған платформалар мен «Астана» халықаралық қаржы орталығы арқылы жұмыс істейтін экожүйемен тығыз байланысты.
«Мемлекет криптовалютаны толық бақылаудан тыс қалдырмай, оны заңды қаржы жүйесіне кезең-кезеңімен енгізуге кірісті. Мұндағы негізгі мақсат – азаматтарды қорғау және алаяқтық тәуекелдерін азайту. Сондықтан инвесторлар ең алдымен жұмыс істейтін платформаның лицензиясы бар-жоғын тексеруі керек. Реттелетін ортада жұмыс істейтін компаниялардың қызметі бақылауда болады. Бұл барлық тәуекел жойылады деген сөз емес, бірақ инвестор үшін қауіпсіздік деңгейі әлдеқайда жоғары», дейді мамандар.
Жалған крипта және оңай ақшаға сену
Қаржы мамандарының айтуынша, криптовалютаның өзінен бұрын оның айналасындағы алаяқтық схемалар қауіпті. Біреу USDT-ні нарық бағасынан арзан сататынын айтады. Екіншісі жабық инвестициялық чатқа шақырады. Үшіншісі ай сайын тұрақты табыс әкелетін құпия жобаны ұсынады. Бәрінің мақсаты бір. Адамды көп ақша салуға көндіру.
«Криптовалюта саласындағы алаяқтық схемалардың басым бөлігі адамның эмоциясына әсер етуге негізделген. Алаяқтар адамдарға криптовалюта емес, тез байып кету туралы арман сатады. Олар көбіне жоғары табысқа кепілдік береді, уақыттың аз қалғанын айтып асықтырады немесе басқа инвесторлардың жалған жетістігін көрсетеді. Егер сізге тәуекелсіз жоғары табыс ұсынып отырса, бұл бірінші кезекте күмәндануға себеп болуы керек. Қаржы нарығында жоғары кіріс әрқашан жоғары тәуекелмен қатар жүреді», дейді Fingramota.kz сарапшылары.
Криптадан түскен табыс та бақылауда
Көпшілік арасында «криптовалюта интернетте болғандықтан мемлекет оны көрмейді» деген түсінік әлі де кездеседі. Алайда сарапшылар мұның шындыққа жанаспайтынын айтады. Қазақстан цифрлық активтер нарығын бақылау және салық салу жүйесін біртіндеп қалыптастырып жатыр. Сондықтан криптовалютамен жасалған операцияларға да заң талаптары қолданылады.
«Криптоинвесторлардың жиі жіберетін қателігінің бірі – салық міндеттемелерін елемеу. Кейбір азаматтар тек пайда тапқан жағдайда ғана жауапкершілік туындайды деп ойлайды. Бірақ цифрлық активтермен жасалған операциялар да қаржы жүйесінің бір бөлігі болып есептеледі. Сондықтан операция тарихын сақтау, ресми платформаларды пайдалану және қаржылық міндеттемелерді уақытында орындау маңызды. Криптовалютаға дәстүрлі инвестициялар сияқты жауапкершілікпен қараған жөн», дейді мамандар.
Криптаға ақша салмас бұрын есте сақтайтын үш қағида
Сарапшылар бірнеше қарапайым кеңес береді. Біріншіден, соңғы ақшаңызды криптовалютаға салмаңыз. Күнделікті өмірге, несие төлеуге немесе емделуге қажет қаражат тәуекелі жоғары активтерге жұмсалмауы керек. Екіншіден, криптовалюта сатып алу үшін несие алмаңыз. Нарықтың ертең қалай өзгеретінін ешкім нақты болжай алмайды. Үшіншіден, жұмыс істейтін платформаның лицензиясын міндетті түрде тексеріңіз.
«Криптовалютаға инвестиция салудың басты ережесі – жоғалтып алсаңыз өміріңізге әсер етпейтін қаражатпен ғана жұмыс істеу. Қарызға алынған немесе күнделікті қажеттілікке арналған ақшаны мұндай активтерге салу үлкен тәуекел тудырады. Нарық ешқайда қашпайды. Ал асығыс қабылданған шешімдер көп жағдайда шығынға алып келеді. Сондықтан кез келген инвестиция білімнен басталуы керек», дейді Fingramota.kz сарапшылары.
Бүгінде криптовалюта Қазақстанның қаржы жүйесіндегі орны барған сайын күшейіп келеді. Мемлекет нарықты көлеңкеден шығарып, нақты ережелер қалыптастыруға көшті. Бірақ қандай технология пайда болса да, қандай заң қабылданса да, инвестордың басты қорғаны өзгермейді. Ол – қаржылық сауат, сыни ойлау және салқынқанды есеп. Өйткені криптовалютадан пайда табуға болады. Бірақ оны түсінбей тұрып салынған ақша дәл сол жылдамдықпен жоғалып кетуі де мүмкін. Сондықтан бұл нарықта ең алдымен байлық емес, білім шешуші рөл атқарады.