Ақжайық ауданына қарасты Чапаев ауылдық округінің басшысы Биболат Зинуллинге қатысты тәртіптік іс қаралды. Маусым айының он жетінші жұлдызында өткен Әдеп кеңесінің отырысында оны қызметінен босату туралы нақты ұсыным жасалды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Келеңсіз жағдай биыл көктемде тіркелген. Наурыз айының он екінші күні полиция қызметкерлері өзі басқаратын ауылдық округ аумағында Зинуллинді тоқтатады. Тексеріс кезінде шенеуніктің жұмыс уақытында ішімдік ішіп рөлге отырғаны әшкере болды. Осыдан кейін бірден әкімшілік хаттама толтырылған.
Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаменті басшысының орынбасары Дәурен Хаиров бұл оқиғаның қалай анықталғанын түсіндірді. Ведомство мамандары бұқаралық ақпарат құралдары мен сот шешімдеріне тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Мас әкімнің әрекеті әкімшілік құқық бұзушылықтар базасынан табылып отыр.
Сот процесі тартысты өткен. Алғашқы инстанция ауыл басшысын толық ақтап шығады. Дегенмен апелляциялық сатыда бірінші соттың шешіміне шағым түсіп, үкім өзгерді.
Әдеп кеңесінде белгілі болғандай Биболат Зинуллиннің бұған дейін де тәртіп бұзған жазбасы бар. Бұл оқиға кезінде оның мойнында қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі жаза тұрған. Өткен жылдың қазан айында кеңес мүшелері шенеуніктің әрекетін талқыға салған болатын. Ол кезде ауыл басшысы құрылысы толық аяқталмаған нысан үшін бюджет қаражатын аударып жіберген.