Төрт адамның өліміне қатысты атышулы іс бойынша кезекті сот отырысы өтті. Бұл жолы басты күдікті Сұлтан Сәрсемалиев алғаш рет жауап берді. Ол көп сағатқа созылған мәлімдемесінде қылмыстан кейінгі өмірін егжей-тегжейлі баяндады, деп хабарлайды ozgeris.info сайты ulysmedia ға сілтеп.
Басты әңгіме бірінші кісі өлімінен басталды. Айыпталушы ең алдымен марқұм туысының атына несие рәсімдеген. Одан кейін сол адамның атынан басқаларға хат жазып отырған. Артынша жасаған іс-әрекетінің "күнәсін жуу үшін" Меккеге сапар шеккен. Ресми түрде іздеу жарияланған кезде Қазақстаннан кетіп, Бали аралына қашып үлгерген.
Сот залындағы процесс өте ерекше өтті. Айыпталушы прокурордың қойған сұрақтарына жауап беруден үзілді-кесілді бас тартты. Жәбірленуші тараптың өкілдерімен де тілдесуді құп көрмеді. Диалог тек судьямен және өзін қорғап отырған адвокатпен ғана жүрді.
Сәрсемалиев барлық қиындықтар үшін жұбайы Ақбаянның отбасын кінәлады. Жауап алу барысында ол туыстар арасындағы түсініспеушілік жылдар бойы жиналғанын жеткізді. Әйелінің денсаулығы сыр берген тұста жанжал тіптен ушығып, күнделікті әдетке айналған. Ол "олар біздің өмірімізге араласты" деп шағымданды.
Қаза тапқандардың жақындары бұл сөздердің ешқайсысына сенбейді. Марқұмдардың туыстары жағдайды мүлдем басқаша бағалайды. Олардың пайымынша аталған мәлімдемелердің барлығы қанды қылмысты ақтап алу үшін ғана айтылып жатыр.