Жаңалықтар

Саябақтағы сұмдық: Астаналықтар кішкентай қызды құтқарып қалды

Саябақтағы сұмдық: Астаналықтар кішкентай қызды құтқарып қалды

Елорда саябақтарының бірінде тосын жағдай тіркелді. Бейтаныс ер адам кәмелетке толмаған қыз балаға шабуыл жасаған. Осы сәтте бүлдіршіннің жанұшыра шыққан дауысын естіген тұрғындар бейжай қалмады. Олар дереу көмекке ұмтылып оқыс оқиғаның алдын алды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Қаскөйдің әрекетіне ең бірінші болып сол маңда демалып жүрген азамат араша түскен. Көп ұзамай оған кездейсоқ өтіп бара жатқан тағы бір адам қосылды. Екеуі күш біріктіріп агрессия танытқан күдіктіні бұғаттады. Олар еркекті тәртіп сақшылары келгенше жібермей ұстап тұрған.

Азаматтық ұстаным мен ерен ерлік танытқан бұл батырлар Әнуар Мусин мен Павел Саськов болатын. Жедел әрі батыл қимылдаған қос тұрғынға құқық қорғау органдары арнайы ведомстволық сыйлықтар табыстады.

Полиция өкілдері нақ осы адамдардың уақтылы араласуы құқыққа қайшы әрекеттің жолын кескенін атап өтті. Дер кезінде көрсетілген көмек күдіктіні жылдам құрықтауға толық мүмкіндік берді.

Барлық жаңалық