Қант диабеті өршіп барады. Ауруды асқынған кезде емес, ерте анықтау өмір мен өлімнің ара жігін айқындайды. Алайда, ТМД кеңістігіндегі миллиондаған науқасқа уақытылы диагностика қойлмай, үздіксіз ем мен жаңа технологияларға қолжетімділік әлі де арман. Қант диабетімен ауыратындар саны жылдан-жылға өсіп келеді, ал денсаулық сақтау жүйеcі бұл қарқынға ілесе алмай жатыр. Инсулин тапшылығы, білікті маман жетіспеушілігі, заманауи ем хаттамаларының болмауы және деректердің бірыңғай жүйеге түспеуі ТМД елдерінің ортақ дертіне айналған.
Соңғы жылдары жасанды интеллект диабетпен күресте серпіліс құралы ретінде қарастырыла бастады. Мамандардың айтуынша, оны дұрыс қолдану диагноздың дәлдігін арттырып, асқынулардың алдын алып, адамның өмір сапасын айтарлықтай жақсарта алады. Алайда технология мен мемлекеттер оған қаншалықты дайын? Минскіде өткен ТМД сараптамалық кеңесінің отырысында дәл осы сұрақтар төңірегінде пікір алмасу өтті. Отырыста не айтылды? ТМД елдерінің қант диабетіне қарсы күрестегі қазіргі ахуалы қандай? Ozgeris.info тілшісі халықаралық зерттеулерге сүйеніп жалғастырады.
Қант диабеті денсаулық сақтау жүйесіне төнген қауіп
Минскіде орналасқан штаб-пәтерде өткен ТМД-ның Денсаулық сақтау жөніндегі сараптамалық кеңесінің отырысында 2021–2025 жылдарға арналған қант диабетінің алдын алу және емдеу жөніндегі ТМД елдерінің ынтымақтастық бағдарламасы талқыланды. Іс-шараға Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан елдерінің, ТМД Атқарушы комитетінің және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросының өкілдері қатысты. Күн тәртібіне қант диабетін диагностикалау және емдеу жөніндегі клиникалық ұсынымдарды әзірлеу, диабетология саласына жасанды интеллект енгізу және денсаулық сақтау саласындағы жаңа технологияларды нормативтік реттеу мәселелері шықты.
Қант диабеті ТМД елдері үшін денсаулық сақтау саласындағы басты мәселелердің бірі болып отыр. ДДҰ-ның деректеріне сүйенсек, 2021 жылы әлемде 537 миллион ересек адамда диабет тіркелген, олардың шамамен 10%-ы ТМД елдерінде тұрады. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 643 миллионға, ал 2045 жылға қарай 783 миллионға жетеді деп болжануда. ТМД өңірінде 2-типті диабетпен сырқаттану деңгейі ересек тұрғындардың 7–9%-ын құрайды, ал қалалық жерлерде бұл көрсеткіш 12%-ға дейін жетеді. Диабеттің кең таралуы семіздіктің өсуімен, аз қимылдайтын өмір салтымен және халықтың қартаюымен тығыз байланысты. 2020 жылы қант диабеті салдарынан дүниежүзінде 1,5 миллион адам көз жұмған, оның 15%-ы ТМД елдерінде тіркелген.
2021-2025 жылдарға арналған ТМД елдерінің ынтымақтастық бағдарламасы қант диабетіне шалдығу мен өлім-жітімді азайтуға бағытталған. Бұл мақсатқа жету үшін алдын алуды, диагностиканы және емдеуді жетілдіру көзделген. Бағдарлама аясында бірегей клиникалық ұсынымдарды әзірлеу, мемлекетаралық тәжірибе алмасуды күшейту және инновациялық технологияларды енгізу жоспарланған. 2022 жылы бағдарлама аясында 12 халықаралық семинар өткізілді, 3400 медицина қызметкері оқытылды, ал 2023 жылы диабетке шалдыққан науқастардың мемлекетаралық деректер базасын құру жұмыстары басталды. Қазақстан мен Өзбекстанда диабетті бақылау бойынша пилоттық жобалар іске қосылады деп жоспарлануда.
Отырыс барысында сарапшылар диабетті диагностикалау және емдеу бойынша клиникалық ұсынымдарды әзірлеуге ерекше назар аударды. Мұндай ұсынымдар ауруды ерте анықтау алгоритмдерін, емдеу және асқынуларды бақылау стандарттарын қамтиды.
Мәселен, Ресейде 2023 жылы ұлттық хаттамалар жаңартылып, 1-типті диабетпен ауыратын пациенттердің 15%-ы үшін инсулиндік помпаларды қолдану енгізілді. Өзбекстанда 2022–2023 жылдары 2,5 миллион адамды қамтыған скринингтік бағдарламалар енгізілді. Қазақстанда дәрілік заттарға қолжетімділіктің жақсаруының арқасында тұрақты ем қабылдайтын науқастардың үлесі 2020 жылғы 65%-дан 2023 жылы 78%-ға дейін өсті. Алайда кейбір ТМД елдерінде, мысалы Тәжікстан мен Қырғызстанда, науқастардың 30%-ы инсулинге тұрақты қол жеткізе алмай отыр.
Клиникалық ұсынымдарды әзірлеу тәртібі талқыланған кезде олардың міндетті түрде орындалуының маңыздылығы атап өтілді. 2022 жылы ТМД Атқарушы комитеті медициналық хаттамаларды әзірлеу және енгізуді реттейтін үлгілік заң жобасын жасады. Бұл заң жобасы ұлттық комиссияларды құруды және ұсынымдардың орындалуын бақылауды қарастырады. 2023 жылы Армения мен Беларусь осыған ұқсас заңдарды ұлттық деңгейде қабылдап, нәтижесінде диабетті диагностикалаудағы қателіктерді тиісінше 18% және 22%-ға азайтты.
Жасанды интеллект диабетпен күрестегі жаңа құрал
Отырыс барысында диабетология саласында жасанды интеллектіні қолдану мәселесі талқыланды. ЖИ алдын алу, диагностикалау және емдеу тиімділігін арттыру құралы ретінде қарастырылады. 2023 жылы Ресейде жүргізілген зерттеуге сәйкес, глюкометр деректерін талдау үшін ЖИ алгоритмдерін қолдану гипогликемиялық жағдайларды болжау дәлдігін 25%-ға арттырды. Өзбекстанда 2024 жылы скрининг деректерін талдауға арналған ЖИ қолданылған пилоттық жоба іске қосылып, алты ай ішінде 10 000 жаңа диабет жағдайы анықталды. Қазақстанда қолданылып жатқан машиналық оқыту алгоритмдері зертханалық талдау нәтижелерін өңдеу уақытын 48 сағаттан 12 сағатқа дейін қысқартты.
ЖИ қант диабетінің асқынуларын бақылау үшін де қолданылады. 2022 жылы Беларусьте диабеттік ретинопатияны диагностикалау үшін көз түбі бейнелерін талдайтын ЖИ жүйесі енгізілді. Бұл жүйе бір жыл ішінде ретинопатияның 3200 жағдайын анықтап, пациенттердің 85%-ында ерте сатыда емдеуді бастауға мүмкіндік берді. Ресейде осындай технологиялар жүрек-қан тамырлары асқынуларының қаупін болжау үшін қолданылады және 2023 жылы ауруханаға жатқызу санын 14%-ға азайтты. Сарапшылар ЖИ дәстүрлі әдістермен салыстырғанда пациенттерді қамту ауқымының кеңдігін, дәлдіктің жоғары екенін және құнының төмендігін атап өтті.
Цифрлық теңсіздікті жою жолы
Алайда ЖИ енгізу үшін бірқатар кедергілерді шешу маңызды. ТМД елдерінде алгоритмдерді оқыту үшін қажет үлкен деректерді жинау және өңдеу инфрақұрылымы жеткіліксіз. 2023 жылы өңірдегі медициналық мекемелердің тек 40%-ы ғана электрондық медициналық карталарға қол жеткізе алды. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласында ЖИ-ді нормативтік реттеу жүйесі әлі толыққанды қалыптаспаған. Ресей мен Қазақстанда медицинада ЖИ қолдануды реттейтін заңдар қабылданғанымен, басқа ТМД елдерінде мұндай нормалар әлі жоқ. ДДҰ деректеріне сәйкес, 2024 жылы ТМД-ға мүше 12 елдің тек үшеуінде ғана ЖИ-ді денсаулық сақтау жүйесіне енгізу бойынша ұлттық стратегиялар бар.
ДДҰ-ның Еуропалық өңірлік бюросының өкілдері денсаулық сақтау саласында ЖИ-ді реттеу қағидаттарын таныстырды. 2021 жылы жарияланған ДДҰ нұсқаулығына сәйкес, ЖИ технологиялары ашықтық, қауіпсіздік және этика талаптарына сай болуы тиіс. ДДҰ алгоритмдерді бағалайтын тәуелсіз комиссияларды құруды және оларды қолдану бойынша халықаралық стандарттарды әзірлеуді ұсынады. 2023 жылы ДДҰ ЖИ-ді этикалық қолдану жөніндегі жаһандық бастаманы іске қосты. Бұл бастамаға Ресей, Қазақстан және Өзбекстан қосылды. 2024 жылы осы бастама аясында ТМД елдерінен 600 маманға арналған 15 тренинг өткізілді.
Отырыста сарапшылар қант диабетінің даму механизмдерін зерттеу үшін ЖИ қолданудың болашағы туралы пікір алмасты. Терең оқыту алгоритмдері генетикалық деректерді талдауға мүмкіндік береді, бұл ауруға бейімділікті анықтауға жол ашады. 2023 жылы Ресейде 2-типті диабетке шалдыққан 5000 пациенттің геномын талдау жобасы іске қосылып, нәтижесінде 12 жаңа генетикалық маркер анықталды. Өзбекстанда ЖИ асқыну қаупін бағалау үшін қолданылады, бұл диабеттік аяқпен байланысты ампутация санын 2023 жылы 8%-ға азайтуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, сарапшылар ТМД Денсаулық сақтау жөніндегі кеңесінің келесі отырысының күн тәртібіне енгізілетін ұсыныстарды талқылады. Олардың қатарында, қант диабетіне шалдыққан пациенттер туралы деректермен алмасуға арналған бірыңғай платформаны әзірлеу, ЖИ қолдануға мамандарды оқытатын өңірлік орталық құру және диагностика мен емдеудің ұлттық стандарттарын үйлестіру бар. 2024 жылы осы бастамаларды іске асыруға 5 миллион доллар бөлу жоспарланып отыр, оның 60%-ын Ресей мен Қазақстан қамтамасыз етеді.
ТМД-ның Сараптамалық кеңесінің отырысы қант диабетімен күресте мемлекетаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын көрсетті. 2021–2025 жылдарға арналған бағдарлама инновациялық тәсілдерді, оның ішінде ЖИ қолдануды және диагностика мен емдеу стандарттарын біріктіруді ілгерілетуде. Биыл бағдарламаның аралық қорытындылары шығарылатын тағы үш отырыс өткізу жоспарланған.