Жамбыл облысының Қордай ауданында 9-сынып оқитын екі жасөспірім өлі табылды. Полиция аталған дерек бойынша "өзін өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады. Бұл туралы Ozgeris.info сайты Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Мәліметтерге сенсек, 9-сынып оқушыларының денесі 15 сәуір күні таңертең шаруашылық құрылысының ішінен табылған. Таныстарының айтуынша, қайғылы оқиға алдында олар әлеуметтік желіде "Естелікке" деген жазуы бар сурет жариялаған.
Жамбыл облыстық полиция департаменті аталған факті бойынша "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.
Ауыл тұрғындары Nege.kz-ке берген сұхбатында желтоқсан айынан бері ауылды кесел жайлағанын айтқан.
“Әуелі тоғызыншы сыныптың, сонан соң жетінші сыныптың баласы асылып қалды. Осы жайттардан есеңгіреп отырғанда, тоғызыншы сыныптан кейін колледжге түскен бала қайтты деген қаралы хабар келді. Соңғы екі баламен қосқанда, бесеу болып отыр", – дейді ауыл тұрғыны.
Өңірде кейінгі уақытта мұндай жағдайлар алғаш рет тіркеліп отырған жоқ. Наурыз айының басында сол ауданның Қайнар ауылында 12 жастағы қыздың да денесі табылған. Кейін Масанчи ауылында кәмелетке толмаған ұл бала қайтыс болды. Екі дерек бойынша да қылмыстық істер қозғалған. Осы жағдайлар аясында жергілікті билік Жамбыл облысында жасөспірімдер арасындағы суицид пен оның әрекеттері 30 пайыз азайғанын (63-тен 55 жағдайға дейін) мәлімдеген еді.
Сонымен қатар Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева өңірдегі жүйелі мәселелерге назар аударған. Оның айтуынша, балаларға қарсы жасалған құқықбұзушылықтар үшін кінәлілер жиі жазасыз қалады, ал мектептердегі буллинг жағдайлары ескерусіз қалып жатады.
Омбудсменнің мәліметінше, оқушылар сауалнамаларда қысым көрсету, ақша бопсалау және зорлық-зомбылық туралы ашық айтқанына қарамастан, кейбір мектептердің басшылығы мұндай деректерді жасырып, көрсеткіштерді "нөл" деп көрсеткен.
Жиналған деректерге сәйкес, Қордай ауданындағы 5-9 сынып оқушылары жоғары сынып оқушылары тарапынан қысым, мәжбүрлі түрде зат алдыру, физикалық зорлық-зомбылық және қорлау жағдайлары, сондай-ақ оқушылар арасындағы агрессия туралы хабарлаған.