💰 Экономика

Инвестиция қай салаға көбірек құйылды?

Инвестиция қай салаға көбірек құйылды?

 

Ranking.kz дерегінше, өткен жылы ел экономикасына салынған инвестиция көлемі айтарлықтай артқан. 2025 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға бағытталған қаржы 22,7 трлн теңгеге жетіп, бір жылда 13%-ға өскен, деп жазады Ozgeris.info.

Жалпы, салынған инвестицияның басым бөлігі ғимараттар мен нысандар салуға, сондай-ақ оларды күрделі жөндеуге жұмсалған. Мұндай шығындар барлық инвестицияның 66,1%-ын құрады. Тағы 29,4%-ы қаржы техника, құрал-жабдық пен көлік сатып алуға әрі оларды жаңартуға кеткен. Ал қалған 4,5% өзге шығындарға бағытталған.

Салаларға бөлсек, ең көп инвестиция жылжымайтын мүлікке қатысты операцияларға салынған. Бұл бағытқа 4,1 трлн теңге құйылып, бір жылда 10% өсім көрсеткен. Екінші орында көлік пен қоймалау саласы тұр. Бұл секторға 4 трлн теңгеден астам инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда 9% артқан. Үшінші орында тау-кен өнеркәсібі орналасқан. Бұл салаға 3,2 трлн теңге салынған. Осы үш сала елдегі барлық инвестицияның шамамен жартысын қамтамасыз етіп отыр.

Ал кейбір салаларда инвестиция көлемі өте төмен. Мәселен, кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет саласына бар болғаны 77,4 млрд теңге ғана бағытталған. Құрылыс саласына 159,6 млрд теңге, ал әкімшілік және қосалқы қызметтер саласына 177,2 млрд теңге инвестиция салынған.

Инвестицияның жылдық өсім қарқынына қарасақ, мүлде басқа көрініс байқалады. 2025 жылы ең жоғары өсімді қаржы секторы көрсеткен. Бұл саладағы инвестиция көлемі бір жылда 88,4% артқан. Дәл осындай өсім коммуналдық және энергетикалық салада да тіркелді. Электр энергиясы, газ, бу, ыстық су және кондицияланған ауамен жабдықтау бағытындағы серпін «Тарифке айырбас ретінде инвестиция» бағдарламасының әсеріне байланысты.

Үшінші орында ауыл, орман және балық шаруашылығы тұр. Бұл саладағы инвестиция көлемі бір жылда 53%-ға көбейген.

Сонымен қатар кейбір салаларда керісінше құлдырау байқалған. Кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет саласында инвестиция көлемі 27,6% азайған. Ал тау-кен өнеркәсібі мен карьерлерді игеру бағытында 15% төмендеу тіркелген.

 

Барлық жаңалық