💰 Экономика

Халықтың ақшасы қай банкте?

Халықтың ақшасы қай банкте?

Қазақстанда халықтың банкке деген сенімі айқын көрініп отыр. 2025 жылғы 1 қарашадағы дерек бойынша, екінші деңгейлі банктердегі жеке тұлғалардың депозиттері 226,7 трлн теңгеге жетті. Бұл бір айдың ішінде 1,1% өсім немесе 282,7 млрд теңге деген сөз. Ал бір жыл ішінде салым көлемі бірден 17,8% артқан. Яғни, қазақстандықтар ақшасын қолда ұстамай, банкке салуды әдетке айналдырып келеді.

Ranking.kz ұсынған дерек бойынша, елдегі ірі банктер арасында халық салымының ай сайынғы өсімі бойынша Bank RBK айқын көш бастады. Бір айда бұл банктегі жеке тұлғалар депозиті 27,9% ұлғайып, 777,7 млрд теңгеге жетті. Ақшалай мәнде өсім 169,7 млрд теңгені құрады. Бір жыл ішіндегі нәтиже де әсерлі. Bank RBK бөлшек депозиттер портфелін 43,8% арттырды. Бұл банк секторындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Банк ұсынатын депозиттік өнімдер халық арасында тұрақты сұранысқа ие. Соның ішінде Safe жинақ депозиті ерекше аталады. Бұл салым бойынша сыйақы мөлшерлемесі 10% бен 17,8% аралығында. Ал жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 10% бен 19% шамасында. Сонымен қатар салымшыларға қызмет көрсету комиссиясынсыз премиум дебеттік карта шығару мүмкіндігі беріледі және ол бүкіл мерзім бойы жарамды.

Bank RBK тек бөлшек емес, корпоративтік сегментте де бірқалыпты өсім көрсетіп отыр. Бұл банктің жүйелі әрі теңгерімді жұмыс істейтінін аңғартады. Бір ай ішінде заңды тұлғалардың депозиттері 17,2% өсіп, 1,1 трлн теңгеге жеткен. Ал бір жылдағы бизнес салымдарының өсімі 46,5% болды. Мұндай динамика банкке деген сенімнің тек халық тарапынан емес, кәсіпкерлік ортада да жоғары екенін көрсетеді.

Жеке тұлғалар депозитіне қайта оралсақ, ай сайынғы өсім бойынша екінші орында Bereke Bank тұр. Бұл банктегі халық салымы 3,9% өсіп, 853,1 млрд теңгені құрады. Үшінші орында тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне маманданған Отбасы банк. Ондағы депозиттер бір айда 2,4% артып, 2,7 трлн теңгеге жетті.

 Ал салым көлемі ең жоғары он банктің ішінде Freedom Bank 1,6% өсім көрсетті. Kaspi Bank көрсеткіші 0,7% болды. ForteBank өсімі өте мардымсыз. Бар болғаны 0,05%. Соған қарамастан, жалпы сурет өзгермейді. Халық ақшасының негізгі бөлігі ірі банктерде шоғырланған.

Қазір жеке тұлғалардың депозиттерінің шамамен 96% еліміздегі алғашқы он банкте жинақталған. Бұл 25,5 трлн теңге. Бір айдағы өсім 1,1%. Ал қалған банктердегі салым көлемі небәрі 1,2 трлн теңге. Ондағы өсім 0,03% ғана. Тағы бір маңызды жайт бар. Қазақстандағы 23 банктің тек 11 ғана айлық динамикада оң нәтиже көрсете алған.

Халық депозиттерінің барлық банк салымдарындағы үлесі 57,7% деңгейінде қалды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда өзгермеген. Осы дерек жеке тұлғалардың әлі де банктер үшін негізгі қаржыландыру көзі болып отырғанын көрсетеді. Сонымен қатар депозиттердің халық үшін ең тартымды қаржы құралы болып қала бергенін аңғартады.

Мұндай қызығушылықтың басты себебі түсінікті. Банктер ұсынатын сыйақы мөлшерлемелері жоғары. 2025 жылғы қарашаның соңында Ұлттық банк жанындағы ақша несие саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде қалдыру туралы шешім қабылдады. Бұл дегеніміз депозиттер бойынша табыстылық әлі де жоғары болады деген сөз.

Бұған қоса, қазақстандық банктер цифрлық сервистерді белсенді дамытып жатыр. Қосымшалар арқылы салым ашу, ақша басқару, карта қызметін пайдалану әлдеқайда ыңғайлы бола түсті.

 

Барлық жаңалық