Қазақстанда халықтың қаржыға көзқарасы кейінгі жылдары айтарлықтай өзгеріп жатыр. Бұрын адамдардың басым бөлігі ақшаны депозитке салып, тек пайызын алып жүруді жеткілікті санаған еді. Бүгінде жағдай басқа. Адамдар қаржы құралдарын зерттеп, түрлі мүмкіндіктерге қарай бастады. Осы өзгерісті Robocash.kz МҚҰ және BCC Invest компаниялары бірлесіп жүргізген зерттеу анық көрсетт, деп жазады Ozgeris.info.
Бұл зерттеудің нәтижесі қазақстандық инвесторлардың мінезін, дағдысын және қабылдайтын шешімдерін бұрынғыдан мүлде басқаша сипаттайды.
Зерттеуде бірінші көзге түсетін ақпарат бар. Қазақстандықтардың басым бөлігі инвестициялық жолын депозиттен бастайды. Жауап бергендердің 60%-дан астамы алғашқы қаржысын дәл осы өнімге салғанын айтқан. Бұл таңғаларлық емес. Депозит түсінікті. Қарапайым. Тәуекелі аз. Сондай-ақ адамдарға сенім береді. Осыдан кейін ғана басқа құралдарға назар бұрылады. Жиырма үш пайыздай (23,9%) респондент акция мен облигациядан бастаған. 10% алғаш қадамын криптовалютадан жасаған. Бұл да жаңа буынның қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Жылжымайтын мүлікке бірден барғандар да бар. Алайда олардың үлесі 5%-дан аспайды.
Инвесторлардың тәжірибесіне тоқталсақ, респонденттердің 47,8%-ы бес жылдан артық уақыт бойы инвестиция жасап келеді. Бұл өте маңызды белгі. Себебі мұндай адамдар нарықты сезеді. Қателік жасайды. Одан сабақ алады. Әдетте ұзақ жүріп үйренген инвестор эмоцияға емес, тәжірибеге сүйенеді. Сауалнамада бір жыл мен үш жыл арасында инвестициялағандар 19,6% болды. Дәл осынша адам үш жылдан бес жылға дейінгі тәжірибені көрсеткен. Ал жаңа ғана бастағандар 13%-ға жуық.
Инвестициялау кезіндегі таңдауларға келсек, инвесторлар бірінші кезекте сенімділікке қарайды. Зерттеу нәтижесі бойынша респонденттердің 58,7% активтің тұрақтылығын ең негізгі фактор деп көрсеткен. Бұл өте маңызды. Себебі жылдам байып кету идеясына сенетіндер азайып келеді. Инвесторлар адымы анық, ойы салмақты екенін байқатты. Табысты бірінші орынға қоятындар 17,4% ғана. Сарапшылар немесе блогерлер кеңесіне сенетіндер 0,5% шамасында.
Инвесторлардың шешім қабылдау тәсілі де өзгерген. Қатысушылардың 52,2% компаниялардың қаржылық есептерін зерттеп барып инвестициялайды. Яғни адамдар ақпаратқа сүйенеді. Сараптаманы оқиды. Нарықты бақылайды. 21,7% брокерден немесе кеңесшіден кеңес алады. Ал YouTube пен TikTok ұсынысына сенетіндер 8,7% ғана.
Зерттеу сәтсіз тәжірибе туралы да мәлімет береді. Респонденттердің 45,7% активті уақытында сатпағандықтан ақша жоғалтқан. 32,6% активті ең жоғары бағамен сатып алып, кейін арзандағанда сатуға мәжбүр болған. Бұл көрсеткіштер әр инвестордың жолында кездесетін қалыпты жағдайды көрсетеді. Ең бастысы адамдар мұндай қателіктен сабақ алады. Тәжірибесін арттырады.
Сондай-ақ 17,4% респондент нарықтағы қысқа мерзімді дүрбелеңге еріп қателескенін айтты. 13% өзін сарапшы деп танытқан адамдардың кеңесіне сеніп шығынға ұшыраған. Бұл да әлеуметтік желі дәуіріндегі маңызды сабақ. Ақпарат көп. Бірақ бәріне сене беруге болмайды.
Инвесторлардың көп бөлігі нарық құлдырағанда сабыр сақтайды. Зерттеуге қатысқандардың 43,5% актив арзандаса да дүрлікпей, жоспарға сүйенетінін айтты. 34,8% мүлде қорықпайды және өз стратегиясынан айнымайды. Тағы 13% бұрын қорқатын, қазір салқынқанды қарауға үйренген.
Сонымен бірге 9% инвестор шешім қабылдағанда сенімсіздік сезінеді. Ал 5% инвестициядан мүлде бас тартып, қаражатын депозитке қайта салуды жоспарлап отыр. Бұл да әр адамның тәуекелге әртүрлі қарайтынын көрсетеді.