💰 Экономика

Халықтың 250 миллиард теңге қарызы кешіріледі

Халықтың 250 миллиард теңге қарызы кешіріледі

Қазақстанда банкроттық рәсімі арқылы азаматтардың қарызын есептен шығару қарқын алып келеді. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, бүгінде 66 мыңнан астам адам банкрот деп танылып, олардың шамамен 250 миллиард теңге көлеміндегі берешегі есептен шығарылуға жатады, деп жазады Ozgeris.info.

Сенат кулуарында Мемлекеттік кірістер комитетінің дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының басшысы Меруерт Сисембаева банкроттықтың екі рәсімі бойынша 66,6 мың азаматтың өтініші мақұлданғанын айтты. Оның сөзінше, тек соттан тыс банкроттық тетігі арқылы ғана шамамен 132 миллиард теңге қарыз есептен шығарылмақ.

«Жалпы екі рәсім бойынша 66 600 адам банкрот деп танылды. Олар бойынша 250 миллиард теңге қарызды есептен шығару көзделіп отыр», деді ол.

Кейінгі жылдары елдегі тұтынушылық несиенің көлемі күрт артты. Әсіресе микроқаржы ұйымдары мен онлайн несие қызметтерінің көбеюі көптеген азаматты қарыз қамытына түсірді. Осыған байланысты мемлекет 2023 жылдан бастап жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды кезең-кезеңімен іске қоса бастады. Бүгінде банкроттықтың екі түрі қолданылады: соттан тыс және сот арқылы рәсімделетін банкроттық.

Соттан тыс банкроттық – ең жеңіл әрі қолжетімді рәсімдердің бірі. Бұл жағдайда азамат сотқа жүгінбей-ақ, мемлекет арқылы қарызын есептен шығара алады. Алайда оған қойылатын талаптар бар. Мәселен, банктер мен микроқаржы ұйымдары алдындағы берешек көлемі 1600 айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс. 2026 жылғы есеппен бұл шамамен 7 миллион теңгеге жуықтайды. Сонымен қатар азаматтың атына тіркелген мүлкі болмауы, ал несие төлемінің кешігу мерзімі 12 айдан асуы қажет. Бұған қоса, борышкердің банкпен немесе несие ұйымымен қарызды қайта құрылымдау бойынша әрекет жасағаны ескеріледі.

Бұл рәсім арқылы банкрот болу үшін азамат тек жеке сәйкестендіру нөмірін көрсетіп, өтініш береді. Егер некеде болса, жұбайының келісімі де талап етіледі. Сондай-ақ бұл мүмкіндік тек Қазақстан азаматтарына арналған және өтініш беруші жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеуі тиіс.

Өтінішті электронды үкімет порталы, eGov Mobile немесе e-Salyq Azamat мобильді қосымшалары арқылы тапсыруға болады. Қалаған жағдайда халыққа қызмет көрсету орталығына барып, қағаз нұсқасында да рәсімдеуге мүмкіндік бар.

Ал сот арқылы жүргізілетін банкроттық рәсімі күрделірек жағдайларға арналған. Егер қарыз көлемі 1600 айлық есептік көрсеткіштен асып кетсе немесе азаматтың атына мүлік тіркелген болса, мәселе сотта қаралады. Мұндай жағдайда борышкер кредиторлар тізімін, қарызды растайтын құжаттарды және мүлкі туралы мәліметтерді ұсынуы қажет. Соңғы шешімді сот қабылдайды.

Сонымен қатар мемлекет алдағы уақытта «проактивті банкроттық» жүйесін енгізуді жоспарлап отыр. Бұл тетік бойынша азаматтардың қарызы бес жылдан астам уақыт өтелмей тұрса, мемлекет олардың жағдайын өзі анықтап, банкроттық рәсімін бастау жөнінде SMS-хабарлама жібереді. Ең бастысы – мұндай жағдайда азаматтың табысы мен мүлкіне тексеріс жүргізілмейді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, бұл өзгерістер әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға айтарлықтай жеңілдік беруі мүмкін. Өйткені кей азаматтар ұзақ жыл бойы өсімпұл мен пайыздан шыға алмай, ресми табыс табудан да қашқақтап келген.

Алайда мамандар банкроттықты барлық мәселенің шешімі ретінде қабылдамауға шақырады. Себебі банкрот деп танылған азамат бірнеше жыл бойы несие ала алмайды, қаржылық операцияларына шектеу қойылады және оның қаржылық тарихы қайта қаралады.

Осы ретте мемлекет те несие беру тәртібін қатаңдатуға кірісті. Биыл 1 шілдеден бастап Қазақстанда қарыз беру талаптары өзгереді. Банктер енді азаматтың төлем қабілетін бұрынғыдан да мұқият тексереді. Жаңа жүйеде қарыз жүктемесі коэффициенті мен қарыздың табысқа қатынасы негізгі көрсеткіштердің біріне айналады. Яғни, адамның ай сайынғы табысының қанша бөлігі несие мен міндетті төлемдерге кететіні есептеледі. Бұл көрсеткіш жоғары болған сайын жаңа қарыз алу мүмкіндігі төмендейді.

 

Барлық жаңалық