Rаnking.kz-тің зерттеуінше, кейінгі жылдары отандастарымыздың қаржыға деген көзқарасы едәуір өзгерген. Егер бұрын бос ақша көбіне күнделікті шығынға жұмсалатын болса, қазір адамдар ойланып әрекет ететін болды. Көпшілік алдымен қаржылық қауіпсіздік жастығын жасауды, содан кейін ғана ұзақ мерзімді мақсаттарға ақша жинауды көздейді. Бұған өткен жылдардағы дағдарыстар да, инфляцияның өсуі де, сондай ақ қаржылық сауаттылықтың артуы да әсер етіп отыр, деп жазады Ozgeris.info.
2025 жылдың қорытындысы бойынша екінші деңгейлі банктердегі жеке тұлғалардың салымдары 15% өсіп, 28 трлн теңгеден асты. Әсіресе соңғы жылдары өсім қарқыны жоғары болған. Соңғы 5 жылда салым көлемі 2,5 еседен артық көбейген, ал 10 жыл ішінде 4 еседен астам артқан. Бұл дегеніміз халық тек табыс тауып қана қоймай, оны сақтауға және көбейтуге тырысып жатыр деген сөз.
Алайда банктегі депозиттер бұл үрдістің тек бір бөлігі ғана. Өйткені қазір азаматтар ақшаны жай сақтаумен шектелмей, оны әр түрлі қаржы құралдары арқылы өсіруге тырысады. Нарықта таңдау жеткілікті. Соның ішінде банк депозиттік сертификаттары, Ұлттық банктің өлшемді алтын құймалары, пайлық инвестициялық қорлар, жинақтаушы өмірді сақтандыру және қор нарығындағы басқа да құралдар бар.
Сол құралдардың ішінде қарапайым әрі түсінікті нұсқалардың бірі депозиттік сертификат болып отыр. Атауы депозитке ұқсас болғанымен, бұл классикалық депозит емес. Бұл банк шығаратын бағалы қағаз. Оның нақты номиналды құны болады және белгілі бір мерзімге беріледі. Әдетте мерзімі кемінде 1 жыл.

Жұмыс істеу тәртібі де қиын емес. Сіз банктен белгілі бір сомаға сертификат сатып аласыз. Сол сертификат бойынша сыйақы күн сайын есептеліп, сіздің шотыңызға немесе картаңызға түседі. Ал мерзімі аяқталған кезде банк негізгі соманы толық қайтарады. Яғни ақшаңыз белгілі бір уақыт жұмыс істейді және күн сайын табыс әкеліп тұрады.
Қазіргі уақытта Қазақстанда депозиттік сертификатты тек 2 банк ұсынып отыр. Олар Home Credit Bank және Ресейдің ВТБ банкінің Қазақстандағы еншілес ұйымы.
Home Credit Bank бірнеше түрлі сертификат ұсынады. Стандартты депозиттік сертификат бойынша сыйақы мөлшерлемесі 19% дейін жетеді. Мерзімі 12, 24, 36 және 60 ай. Ал бастапқы сома 500 мың теңгеден басталады. Мерзім ұзара түскен сайын мөлшерлеме де өзгеруі мүмкін.
Стандартты 2,0 сертификаты Prime клиенттерге арналған, яғни VIP мәртебесі бар азаматтарға ұсынылады. Мұнда сыйақы 19,5% дейін жетеді. Мерзімі 12 және 24 ай. Бастапқы сома 500 мың теңге.
«Гибкий Prime» сертификаты да Prime клиенттерге арналған. Мұнда сыйақы 17,5%. Мерзімі 12 ай. Бастапқы сома 100 мың теңгеден басталады. Ең басты ерекшелігі кері сатып алу мүмкіндігі бар және бұл жағдайда сыйақы жоғалмайды. Яғни икемділігі жоғары.
Home Credit Bank сертификаттарының тағы бір маңызды артықшылығы бар. Сыйақы күн сайын ағымдағы шотқа немесе дебеттік картаға түседі. Мұны дұрыс пайдаланса, қосымша табыс алуға болады.

Мысалы, сіз 17,5% мөлшерлемемен Гибкий Prime сертификатын сатып алдыңыз делік. Сыйақы күн сайын картаңызға түсіп отырады. Содан кейін сіз толтыруға болатын депозит ашасыз. Мәселен, Простой депозиті, жылдық тиімді мөлшерлемесі 15,5%. Сол депозитке күн сайын сертификаттан түскен сыйақыны автоматты түрде аударып отырасыз. Осылайша сертификат плюс депозит деген жүйе пайда болады. Бір капитал, бірақ 2 табыс көзі. Барлығы автоматты түрде жүзеге асады және мобильді қосымша арқылы оңай реттеледі.
Ал ВТБ Банк Қазақстан тек 1 түрін ұсынады. Мұнда сыйақы мөлшерлемесі 17%. Мерзімі 6 және 12 ай. Ал бастапқы сома 1 млн теңгеден басталады.
Жалпы алғанда, 28 трлн теңгеге жеткен салым көлемі халықтың қаржылық тәртібі өзгергенін көрсетеді. Қазір адамдар ақшаны жай сақтаудан гөрі, оны жұмыс істетуге ұмтылады. Депозиттік сертификат сияқты құралдар осы мүмкіндікке жол ашып отыр. Ең бастысы, әр адам өз мақсатына сай, түсінікті әрі тиімді нұсқаны таңдай білуі керек.