Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстанға жасайтын мемлекеттік сапары қарсаңында екі елдің қарым-қатынасына арналған арнайы мақала жариялады. «Россия – Казахстан: союз в сердце Евразии» деп аталатын материалда саяси, экономикалық және мәдени байланыстардың қазіргі жағдайы мен келешегі жан-жақты талданған деп хабарлайды ozgeris.info сайты kazpravda.kz ке сілтеп.
Ресей көшбасшысы Қазақстандағы саяси реформаларды, соның ішінде жаңартылған Конституцияны жоғары бағалады. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен арадағы достық әрі сенімді қарым-қатынасты ерекше атап өтіп, екіжақты байланыстың мызғымас екенін жеткізді.
Мақалада экономика мен энергетика саласындағы ынтымақтастықтың нақты нәтижелері көрсетілген:
-
Ресейдің Қазақстан экономикасына салған инвестициясы 30 миллиард долларға жуықтады.
-
Елімізде ресейлік инвесторлардың қатысуымен 70-тен астам ірі жоба іске асып, 60 мың жаңа жұмыс орны ашылған.
-
Қазақстан мұнайының 80 пайыздан астамы Каспий құбыр консорциумы арқылы Ресей аумағымен экспортталады.
-
Балқаш маңындағы атом электр станциясының құрылысына "Росатом" компаниясы қатысып жатыр. Өткен жылы нысанда инженерлік жұмыстар басталған.
Екі ел арасында ғарыш және экология бағытында да тың жобалар бар. Биыл 30 сәуірде "Бәйтерек" кешенінен "Союз-5 / Сұңқар" зымыраны алғаш рет ұшырылды. Сонымен қатар Іле-Балқаш резерватына Ресейден Амур жолбарыстары әкелінді. Қазір ғалымдар оларды жергілікті табиғатқа бейімдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жуырда жыртқыштар жабайы табиғатқа жіберіледі.
Білім және ғылым саласындағы байланыс та бекемделе түскен. Бүгінде Ресейдегі жоғары оқу орындарында 60 мыңнан астам қазақстандық білім алуда. Елімізде ресейлік университеттердің сегіз филиалы жұмыс істейді. Ал 2025 жылдың қыркүйегінде Ресейде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бөлімшесі ашылды. Болашақта, дәлірек айтсақ 2029 жылы Алматыда "Қазақстан-Сириус" халықаралық мектебін ашу жоспарланып отыр.
Путин сөз соңында екі елдің стратегиялық одақтастығы бүкіл Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылық пен қауіпсіздіктің басты кепілі екенін шегелеп айтты. Ол алдағы келіссөздер бұл ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсетініне сенім білдіріп, қазақстандықтарға амандық пен бақ-береке тіледі.