Бүгін Орталық Азия елдерінің медиа-заңгерлері бас қосып, журналистер мен редакциялардың құқықтық мәселелерін талқылады. "Internews" ұйымы өткізген онлайн-жиынға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан мамандары қатысты. Бұл басқосу Еуропалық Одақ қаржыландыратын "CARAVAN" жобасы аясында ұйымдастырылды деп хабарлайды ozgeris.info сайты КазТАГ қа сілтеп.
Жиында азаматтық қоғам мен тәуелсіз медианың жағдайы мәз емесі ашық айтылды. Биыл Қазақстан "Шекарасыз репортерлар" ұйымының Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі индексінде сегіз сатыға төмендеп, 180 елдің ішінде 149-орынға тұрақтады. Екі мың жиырма екінші жылы еліміз бұл тізімде 122-орында болған еді. Медиа-заңгерлер мұны өте үлкен құлдырау деп бағалайды. Жалпы Орталық Азия елдері бұл рейтингте әлі де төменгі орындарда қалып отыр.
Қазіргі таңда журналистер мен блогерлердің, белсенділердің үнін өшіру үшін түрлі механизмдер қолданылып жатыр. Еуропада бұл мәселемен күресудің нақты әдістері мен директивалары әлдеқашан бекітілген. Ал біздің елдегі мамандар проблеманың ауқымын енді ғана түсініп келеді. Осы орайда үйқамақта отырған немесе ізіне түсуге ұшыраған медиа өкілдеріне көмек көрсететін арнайы қор құру туралы маңызды ұсыныс жасалды.
Соңғы жылдары елімізде БАҚ өкілдерін қауіпті қылмыскерге теңеп, тінту және қамауға алу әрекеттері өзіндік "трендке" айналған. Құқық бұзушылықтардың ең көп тіркелген уақыты референдум кезеңімен тұспа-тұс келеді. Осындай жағымсыз прецеденттер қалыптасып жатқан қиын тұста әріптестердің өзара бірігіп, бір-біріне барынша қолдау көрсетуі аса маңызды.
Мамандар осындай қысым мен шектеулерге қарамастан, кәсіби ортаның шыңдалып келе жатқанын байқаған. Журналистер өз мәселелерін ашық айтып, құқықтарын қорғау үшін топтасып жатыр. Жиын барысында қатысушылар медиаға қойылатын заңдық шектеулерді, онлайн-контентті реттеуді және тиімді қорғаныс механизмдерін қалыптастыру жолдарын жан-жақты қарастырды.