Спорт

Еркебұлан Тоқтар Нью-Йоркке жол тартуы мүмкін

Еркебұлан Тоқтар Нью-Йоркке жол тартуы мүмкін

Қазақстандық актер әрі аралас жекпе-жек шебері Еркебұлан Тоқтар мансабында жаңа белеске қадам басуды көздеп отыр, деп хабарлайды Оzgeris.info ақпарат порталы.

 

Спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында Ташкент қаласында өткен бокс кешінен әсерлі бейнежазба жариялады. Видеода Еркебұланның өзбекстандық көрермен алдында рингте тұрып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұранын орындаған сәті бейнеленген. Бұл көрініс желі қолданушыларының ерекше ықыласына ие болып, патриоттық рухымен көпшіліктің оң бағасын алды.

 

Жарияланым астындағы жазбасында спортшы алдағы үлкен мақсатын ашық айтты:

 

«Осы жылдың соңында Madison Square Garden, ИншАлла», — деп жазды ол.

 

Айта кету керек, Madison Square Garden әлемдік спорт тарихында айрықша орны бар арена. Нью-Йорк қаласының қақ ортасында орналасқан бұл кешен бокстың ғана емес, жалпы жекпе-жек спорт түрлерінің символына айналған. Әлемге әйгілі Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Флойд Мэйвезер сынды аңыздар дәл осы жерде өнер көрсеткен.

 

Еске сала кетсек, Еркебұлан Тоқтар соңғы жекпе-жегін 27 желтоқсанда Ташкенттегі «Хумо Аренада» өткізді. Ол өзбекстандық спортшы Тимур Никулинмен кездесіп, жекпе-жекті алғашқы раундта техникалық нокаутпен аяқтады.

Барлық жаңалық