✅ Пайдалы

Енді несие төлемін кейінге шегеруге болады

Қазақстанда несие қарызын уақытша шегеруге мүмкіндік беретін жаңа тәртіп енгізілді, деп жазады Ozgeris.info.

Бұл ереже әлеуметтік осал топтағы азаматтарға, төтенше жағдайдан зардап шеккендерге және кәсіпкерлерге қатысты. Жеңілдік белгілі бір себеппен табысынан айырылған немесе отбасында кіріс азайған жағдайда беріледі. Мұны арнайы құжаттармен растау қажет. Осы талап орындалса, несие төлемін үш айға дейін кейінге қалдыруға болады.

Өтініш беру тәртібі қандай? Қарыз иесі белгіленген формада өтініш жазып, тұрмыс жағдайының қиындағанын дәлелдейтін құжаттарын тапсыруы керек.

Банк немесе микроқаржы ұйымы мұндай өтінішті 15 күннің ішінде қарауға міндетті. Бұрын мұндай міндетті талап болмаған, шешім қаржы ұйымдарының еркіне байланысты еді. Енді өтініш уақытылы қаралмаса, азаматтар жауапты мекемелерге шағым түсіре алады. Бұл ереже 31 тамыздан бастап күшіне енді. 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілі Ғаділбек Әкім несие шегеру тәртібін түсіндіріп берді:

«Несиені шегергілеріңіз келсе алдын-ала қимылдаған жөн. Көп созбай омбудсмендерге шығу керек. Одан шешім болмай жатса, әрине, қаржы нарығын қадағалау агенттігіне ресми түрде Е-Өтініш арқылы немесе аймақтық өкілдерге немесе орталық аппаратқа келіп, арыз жазуыңызға болады»

Жаңа талап борышкерлерге уақытша тыныс алуға мүмкіндік береді. Дегенмен, жеңілдік алу үшін әрбір қадам заңға сай рәсімделуі тиіс.

Барлық жаңалық