💰 Экономика

Енді банк сізге ақша төлейді

Енді банк сізге ақша төлейді

Қазақстанда 19 наурыздан бастап банктегі ағымдағы шоттарда жатқан ақшаға сыйақы есептеле бастайды. Бұл өзгеріс «Банктер және банк қызметі туралы» заң мен оған енгізілген түзетулер күшіне енгеннен кейін іске асады, деп жазады Ozgeris.info.

Осы күннен бастап банктер азаматтардың ағымдағы шоттарында тұрған ақшаға жылына 1%-ға дейін сыйақы есептей алады. Соңғы 7 жыл бойы мұндай мүмкіндік заң бойынша болмаған еді.

Бұл өзгеріс Азаматтық кодекске енгізілген түзетулер арқылы жүзеге асып отыр. Бұған дейін көп жыл бойы қолданылып келген шектеу алынып тасталды. Енді банктер клиенттердің шотындағы қаражатты пайдаланғаны үшін белгілі бір мөлшерде сыйақы есептей алады. Бірақ заң бойынша бұл мөлшер 1%-дан аспауға тиіс.

Бұл жүйе өте қарапайым жұмыс істейді. Банк шотта қанша ақша жатқанын есептейді. Сол сомаға белгілі бір пайыз қосылады. Кейін барлық есептелген пайыздар біріктіріліп, клиенттің шотына аударылады.

Мысалы, егер адамның шотында 100 мың теңге болса және банк жылына 1% сыйақы есептесе, онда бір жыл ішінде шамамен 1000 теңге табыс түсуі мүмкін. Егер шоттағы ақша өзгеріп тұрса, мысалы, бірде ақша алынса, бірде қосылса, пайыз да соған қарай қайта есептеледі. Яғни, банк тек нақты шотта жатқан ақшаға ғана сыйақы есептейді.

Айта кету керек, Қазақстанда ағымдағы шоттағы ақшаға пайыз төлеу бұрын да болған. 1999 жылдан бастап банктер мұндай сыйақыны есептей алатын. Бұл норма сол кездегі Азаматтық кодексте бекітілген.

Алайда 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ережелер өзгерді. Сол кезде Азаматтық кодекстің 751-бабына арнайы норма енгізілді. Онда:

«Ағымдағы банктік шотқа орналастырылған ақшаны пайдаланғаны үшін сыйақы төленбейді»

деп нақты көрсетілді.

Осылайша банктерге ағымдағы шоттағы ақшаға пайыз төлеуге толық тыйым салынды.

Сол кезде Ұлттық банк бұл шешімді ағымдағы шоттардың негізгі мақсатына байланысты түсіндірген. Яғни мұндай шоттар күнделікті операциялар үшін – ақша аудару, төлем жасау немесе сатып алу кезінде есеп айырысу үшін пайдаланылады. Ал ақша жинау үшін азаматтар депозит ашуы керек деген ұстаным болған.

Енді жаңа заң бұл шектеуді қайта алып тастап отыр. Айта кету керек, 16 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев банктер туралы жаңа заңға қол қойған болатын. Бұл құжат банк жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізеді.

Жаңа заң банктерге арналған лицензиялардың жаңа түрлерін енгізеді, цифрлық қаржы активтерін реттейді, банк операцияларының мүмкіндігін кеңейтеді. Сонымен қатар банктердің қызметіне бақылауды күшейтіп, клиенттердің құқықтарын қорғау тетіктерін де жетілдіреді.

Осы өзгерістердің бірі – енді қазақстандықтардың банктегі ағымдағы шоттарында жатқан ақшаға да аз мөлшерде болса да сыйақы есептеледі.

Барлық жаңалық