"Қазгидромет" РМК алдағы бірнеше күнге арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Синоптиктердің мәліметінше, алдағы үш тәулікте Орал таулары маңынан жылжып келе жатқан циклон Қазақстан аумағы арқылы өтіп, жауын-шашын, көктайғақ құбылыстары, желдің күшеюі және боран туғызады.
18 ақпаннан бастап циклонның тылына Хельсинки маңынан жылжып келе жатқан антициклон тарай бастайды, бұл еліміздің солтүстігінде ауа температурасының төмендеуіне және жауын-шашынның біртіндеп тоқтауына әкеледі.
"Республиканың солтүстігінде түнгі уақытта ауа температурасы 18-23 градус аязға дейін төмендейді, ал оңтүстік өңірлерде, керісінше, күндіз ауа температурасы 15-20 градус жылыға дейін көтеріледі. Бұл Қара теңіз маңынан жылжып келе жатқан кезекті циклонның әсерімен байланысты болады", – делінген синоптиктердің болжамында.