Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина Брисбен (Аустралия) WTA 500 турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда рейтингіде 79-орындағы қытайлық Чжан Шуайды сынап көрді.
Елена матчты қарқынды бастап, 5:1 есебімен алға кетті. Бұдан кейін қытайлық спортшы есепті қысқартқанымен, Рыбакина басымдылығын сақтап қалды — 6:3.
Есесіне екінші сетте Рыбакина доп бергенде, қателікке бой алдырды — 1:3. Дегенмен қазақстандық теннисші таразы басын теңестіріп қана қоймай, екінші матчболын пайдалана білді — 7:5.
Бір сағат 13 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 16 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. Чжан Шуай 3 эйс, 2 брейкпен (7 брейк-пойнт) шектелді.
Елена Рыбакина жылдың алғашқы жарысында ширек финалға шығу үшін әлемнің 25-ракеткасы, испаниялық Паула Бадоса немесе рейтингіде 46-орындағы чехиялық Мари Боузкованың қай жеңгенімен таласады.
Қазақстандық теннисші бұдан екі жыл бұрын Брисбен додасында үздік шыққан болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Брисбен турнирінің жартылай финалына жолдама алғанын жазған едік.