📰 Сарапшылар пікірі

Елдегі барлық жалақы өссе, не болады?

Елдегі барлық жалақы өссе, не болады?

Қымбатшылық күшейген сайын қоғамда бір пікір жиі айтылады: «Жалақыны көтеру керек». Бір қарағанда, бұл ең оңай әрі дұрыс шешім сияқты. Бірақ экономист Руслан Сұлтановтың айтуынша, мәселе мұншалықты қарапайым емес. Жалақыны жай ғана өсіру кейде жағдайды жақсартпай, керісінше күрделендіріп жіберуі мүмкін, деп жазады Ozgeris.info.

Қоғамда жиі еститін әңгіме бар, «мемлекет жалақыны көтерсін, болды, мәселе шешіледі». Тіпті кейбіреулер «ақшаны басып шығара салуға болады» немесе «бәріне көбірек төлеуді міндеттеу керек» дейді. Бұл ойдың өз ішінде белгілі бір логика бар. Себебі адамда ақша жетпесе, ең бірінші ойлайтыны – табысын көбейту. Бұл – табиғи реакция. Бірақ дәл осы қарапайым логиканың артында көп адам мән бере бермейтін маңызды жайттар жатыр.

Экономист Руслан Сұлтанов бұл туралы былай түсіндіреді:

«Адамға ақша жетпесе, ол бірден жалақыны көтеру керек деп ойлайды. Бұл – қалыпты. Бірақ жалақы – жай ғана сан емес. Ол сенің қанша құндылық жасап отырғаныңның көрсеткіші. Сен не өндіресің, не сатасың, қандай қызмет көрсетесің, соған қарай табыс табасың. Жалақы – экономикадағы нақты еңбектің нәтижесі. Енді бір сәт елестетіп көрейік. Барлық адамға жалақыны бірден көтеріп жіберді. Бірақ басқа ештеңе өзгермеді. Ешкім бұрынғыдан жылдам жұмыс істемейді. Зауыттар бұрынғыдан көп өнім шығармайды. Қызмет көрсету сапасы өзгермейді. Яғни, нарықтағы тауар көлемі сол күйінде қалады. Бірақ адамдардың қалтасындағы ақша көбейеді. Осы жерде ең маңызды процесс басталады».

Айтуынша, ақшасы көбейген адам оны жұмсай бастайды. Бұл – қалыпты нәрсе. Бірақ нарықта тауар саны көбеймеген. Яғни, сұраныс өседі, ал ұсыныс өзгермейді. Осындай жағдайда баға не істейді? Әрине, өседі. Бұл жерде ешқандай «құпия» жоқ. Бұл – экономиканың қарапайым заңы.

Руслан Сұлтанов осыны нақты атап өтеді:

«Баға өсіп жатқанда, көбі біреуді кінәлайды, сатушылар қымбаттатып жатыр дейді. Бірақ мәселе көбіне басқада. Сұраныс көбейді, ал ұсыныс сол күйінде қалды. Сатушы кеше қандай бағамен сатты – ол маңызды емес. Бүгін адамдар қанша төлеуге дайын, баға соған қарай өзгереді. Сондықтан бағаның өсуі – көбіне табиғи процесс. Уақыт өте келе адамдар тағы да сол сұраққа келеді – жалақы өсті, бірақ неге өмір жеңілдеген жоқ? Себебі жалақымен бірге баға да өсті. Яғни, табыс артқанымен, сатып алу мүмкіндігі өзгермейді».

Изображение пина-истории

Бұдан бөлек, тағы бір маңызды мәселе бар. Егер жалақы өссе, бизнес бұл ақшаны бір жерден алуы керек. Егер табысы бұрынғы деңгейде қалса, оның алдында 3 ғана таңдау болады: бағаны көтеру, қызметкерлер санын қысқарту немесе дамуын тоқтату. Қайсысын таңдаса да, оның салдары қайтадан халыққа әсер етеді. Баға өседі, жұмыс орындары азаяды немесе экономика баяулайды.

Мемлекетке келсек, ол табысты белгілі бір деңгейде реттей алады. Бюджет қызметкерлеріне жалақыны көтере алады, жәрдемақыны көбейте алады, ең төменгі жалақыны белгілей алады. Бірақ маңызды бір шындық бар – мемлекет өзі тауар өндірмейді. Ол тек бар ақшаны қайта бөледі.

Яғни, мемлекет көбірек төлеу үшін бір жерден көбірек алуы керек. Бұл – салық болуы мүмкін, қарыз болуы мүмкін немесе ақша массасын көбейту болуы мүмкін. Бірақ қалай болғанда да, оның әсері қайтадан халыққа келеді – баға арқылы, бизнеске түсетін салмақ арқылы немесе болашақтағы экономикалық қысым арқылы.

Сондықтан негізгі ой өте қарапайым, бірақ маңызды. Табыс жай ғана «көтергеннен» өспейді. Табыс экономика көбірек құндылық өндіргенде өседі. Яғни, бір адам бұрынғыдан көбірек өнім шығарғанда, жаңа бизнес ашылғанда, қызмет сапасы артқанда ғана жалақы табиғи түрде өседі. Сол кезде ғана оның әсері сезіледі. Ал жай ғана жалақыны «тағайындап» көтеру – барлығына көбірек ақша беріп, сол баяғы тауарды сатып алуға тырысу сияқты. Бір қарағанда бәрі байығандай көрінеді. Бірақ шын мәнінде ештеңе өзгермейді.

Соңында адам бір нәрсені түсінеді – мәселе қанша ақша алып отырғанында емес. Мәселе сол ақшаға не сатып ала алатынында. Экономиканың негізгі мәні де дәл осы жерде жатыр.

 

Барлық жаңалық