Орал қаласында көпқабатты үйдің ауласында тірідей жанған сегіз жасар баланың өліміне қатысты қылмыстық іс тоқтатылды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты "Мой Город" басылымына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 2025 жылдың 10 тамызында Қонаев көшесіндегі көпқабатты үйдің ауласында болған. Әжесіне демалысқа келген Артём есімді бала далаға ойнауға шығып, арада бірнеше сағат өткенде денесінің 96 пайызы күйіп үйге оралған.
Анасы Мухаббат Пардаеваның айтуынша, терісі сыпырылып түсіп жатса да есін білген бала өзін кім өртегенін түсіндіре алмаған, тек оны өлтіргілері келгенін ғана қайталаған.
Биылғы ақпанда бұл іс бойынша тергеу тоқтатылды. Марқұмның анасы полицияның әрекетсіздігіне шағымданып, дәлелдемелерді өзі жинауға мәжбүр болғанын жеткізді. Ол мектеп пен жергілікті дүкеннің бейнебақылау камераларындағы жазбаларды өздігінен алған, ал полицияның баяу қимылдауы салдарынан кіреберістегі небәрі жеті күн сақталатын маңызды кадрлар өшіп үлгерген.
«Іс жай ғана жатты, онымен ешкім айналыспады. Бізге жазбалардың үзінділерін көрсетті, бірақ ол жерде ең маңызды кадрлар болған жоқ. Менің шынайы пікірім – Оралдағы полиция біздің іс бойынша жұмыс істемеді. Құр отырды. Бетімізді жылы жауып шығарып салды деуге болады», – деді Мухаббат Пардаева.
Оқиғаға кәмелетке толмаған балалардың қатысы бар болғандықтан, оларды жауапқа тарту мүмкін болмай шыққан. Бұған қоса, әділдік іздеп бейнеүндеу түсірген баланың әкесінің үстінен полицияға арыз түсіп, отбасы ешкімді қорқытпағанын дәлелдеу үшін адвокат жалдауға мәжбүр болған.
«Біздің жағдайда кәмелетке толмаған балалардың қатысы бар және оларға ешқандай жаза қолдану мүмкін емес. Кінәлілердің жазасыз қалғанын қабылдау әлі күнге дейін ауыр. Мұндайды кешіруге болатынын да білмеймін, бірақ бізге ешкім келіп кешірім сұраған жоқ. Барлығы бізге қарсы айналды. Бізге өзімізді қорғауға және күйеуімнің ешкімді қорқытпағанын дәлелдеуге тура келді», – деді марқұмның анасы.
Қазіргі уақытта Артёмнің әжесі басқа қалаға көшіп кеткен, ал ата-анасы Оралға тек ұлының басына бару үшін ғана келеді.
Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті аталмыш іс бойынша барлық қажетті сараптамалар жүргізілгенін мәлімдеді. Ведомство өкілдерінің сөзіне қарағанда, қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты Қылмыстық процестік кодекстің 35-бабы 1-бөлігі 2-тармағы негізінде істі тоқтату туралы шешім қабылданған.