Жаңалықтар

Экс-премьердің туыстарының Лондонда 10 млрд теңгелік мүлкі бар

Экс-премьердің туыстарының Лондонда 10 млрд теңгелік мүлкі бар

Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Аскар Маминнің жиендері — Ернар мен Әлібек Маминдердің Лондонда жалпы құны 15,7 млн фунт стерлингке (шамамен 10,4 млрд теңге) бағаланатын екі пәтері бар екені белгілі болды деп хабарлайды "Выход к морю" телеграм арнасы.

Мәліметтерге сәйкес, бұл мүліктің нақты бақылаушысы — олардың әкесі, Аскар Маминнің туған ағасы Марат Мамин. Құжаттарда көрсетілгендей, оның қолынсыз Ернар мен Әлібек бұл пәтерлерді сата да, жалға да бере алмайды.

Пәтерлер Лондондағы беделді Bayswater ауданында, Кенсингтон бақтары мен Гайд-паркке жақын жерде орналасқан. Бұл аудан посткеңестік елдердің ауқатты элитасы арасында танымал.

2014 жылы Марат Мамин Lancaster Gate тарихи тұрғын кешенінен алғашқы пәтерді 8,7 млн фунтқа сатып алған. Кейін бұл екі деңгейлі, төрт жатын бөлмесі бар пәтер кіші ұлы Әлібектің атына рәсімделген.

Ал 2021 жылы сол үйден тағы бір пәтер 7 млн фунтқа сатып алынып, үлкен ұлы Ернардың атына тіркелген.

Сол кезеңде Ернар мен Әлібек Лондонда тұрып, бірнеше бизнес жүргізуге тырысқанымен, олардың компаниялары кейін жабылған.

Соған қарамастан, Марат Маминнің отбасы — өзі, жұбайы Гүлмира және екі ұлы — Ұлыбритания азаматтығын алған. Ашық деректерге қарағанда, олар Қазақстан азаматтығынан бас тартқан.

Маминдер отбасының шетелдегі активтері тек Лондонмен шектелмейді. АҚШ-та, Орландо маңында, көл жағасында орналасқан үлкен үй де олардың иелігінде. Сонымен қатар Флорида штатында тағы бір қымбат коттедж болған, алайда ол кейін арзандатылған бағамен сатылған.

Бұдан бөлек, Флоридадағы Aventura Marina Two тұрғын кешенінде ауданы 278 шаршы метр болатын пәтер Марат Маминнің атына тіркелген.

Журналистердің дерегіне қарағанда, Дубайдағы Al Bateen Residences кешенінде де құны 1 млн доллардан асатын пәтер бар.

Ал бұрынғы премьер-министр Аскар Маминнің өзі қымбат шетелдік мүлікке ие екені туралы деректер әзірге анықталмаған. Қаңтар оқиғаларынан кейін ол саясаттан кетіп, қазір Қазақстан хоккей федерациясын басқарады.

Барлық жаңалық