📰 Сарапшылар пікірі

eGov AI: Қазақша сөйлей алмайтын «жасанды интеллект»

14 тамызда Қазақстанда жаңартылған eGov Mobile қосымшасы іске қосылды. Жаңа нұсқада азаматтарға мемлекеттік қызметтерді ыңғайлы ұсыну үшін арнайы жасанды интеллект eGov AI енгізілгені хабарланды. Құрастырушылардың айтуынша, ол пайдаланушыға қажетті қызметті диалог арқылы тауып беруге тиіс еді. Алайда алғашқы сынақтар мүлде басқа нәтижені көрсетті. Kursiv Media-ның жазуынша, жүйе қазақша тілдесу тұрмақ, кәдімгі чат-бот деңгейінен аса алмай отыр, деп сілтеме жасайды Ozgeris.info. 

Халықаралық IFFORT AI компаниясының жасанды интеллект бойынша кеңесшісі Олжас Әбішев жаңа қызметті сынап көріп, өз пікірін бөлісті.

«Бұл ешқандай жасанды интеллект емес, кәдімгі чат-бот қана. Ол тек кілт сөздерге жауап береді. Мұндайды ИИ деп атау халықты шатастыру», дейді сарапшы.

Оның айтуынша, нағыз интеллектуалды көмекші пайдаланушыны тануы, аты-жөнімен амандасып, өзекті қызметтерді ұсынуы керек. Мәселен: «Олжас, сәлеметсіз бе! Сіздің құжатыңыздың мерзімі аяқталуға жақын, ұзартқыңыз келе ме?» деген сияқты. Ал eGov AI болса, қарапайым «Сен кімсің?» немесе тіпті тұрмыстық «Қалай палау тапсырыс беруге болады?» деген сұрақтарға да шектеулі, ресми сілтемелермен ғана жауап береді.

«Егер бұл расымен ИИ болса, ол «мен көмекшімін», «сізге қалай көмектесе аламын?» деп жауап берер еді. Қазіргі бот контексті мүлде ескермейді, табиғи тілді танымайды, тек дайын FAQ жүйесі сияқты жұмыс істейді», дейді Әбішев.

Сарапшының айтуынша, сервис тым «шикі» күйінде ұсынылған. Ол тек шектеулі стандартты сұрақтарды ғана қабылдайды, ал интеллектуалды өңдеу белгілері байқалмайды.

«Қазақ тілінде икемді тілдік модель жоқ. Контексті түсіну де жоқ. Бұл ИИ емес, қарапайым чат-бот», деп қорытындылады маман.

Цифрлық даму министрлігі жаңа сервис мемлекеттік қызметке қолжетімділікті жеңілдетеді деп уәде еткен еді. Бірақ IT-сарапшы бұл жобаны «ақылды жүйеден гөрі, ақылдың имитациясы» деп атады.

«eGov AI-мен сөйлесіп көрдім… Енді ИИ-дің мәні «Имитация интеллекта» екенін түсіндім»,  деп әзіл-шыны аралас түйіндеді Олжас Әбішев.

Kursiv Media редакциясы eGov-ты әзірлеуге жауапты «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-на жүгінгенімен, қолданылған технология, бюджет пен даму жоспарлары жайлы ресми жауап материал жарияланған сәтке дейін түспеген.

Айта кетсек, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев та елде жасанды интеллектті енгізу жұмыстарының баяу жүріп жатқанына қанағаттанбайтынын айтқан болатын.

 

 

Барлық жаңалық